Қазақстанда ұлттық компанияларға басшылық ететін әйелдер саны арттырылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ұлттық компанияларға басшылық ететін әйелдер санын арттыруға күш салынатын болады. Бұл туралы бүгін Ақордада Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бас хатшысы Анхель Гурриамен кездескен еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Қазақстанның ЭЫДҰ-мен бірлесе жұмыс істеуге мүдделік танытатын бірқатар бағытты атады.

«Мен Әйелдер ісі жөніндегі комиссияға да басшылық жасаймын. Бұл бағытта жақсы жетістіктеріміз де бар. Бізде Парламенттің төменгі палатасындағы әйелдердің үлесі 27 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта ұлттық компаниялармен, жеке сектормен олардың Директорлар кеңесі құрамының белгілі бір бөлігін әйелдер иеленуі үшін жұмыс істеудеміз. Біз ЭЫДҰ-мен, сіздердің құрылымдарыңызбен, комитеттеріңізбен ең бірінші кезекте, экономикаға әйелдер мен жастарды тарту бағытында одан ары жұмыс істегіміз келеді. Екіншіден, шағын және орта бизнесті, әсіресе әйелдер мен жастарды тарта отырып дамытқан жөн болар еді»,-  деді ҚР Мемлекеттік хатшысы.

Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті жанындағы бірнеше комиссияға басшылық жасайтындығын айтты. Қазақстан мемлекеттік қызмет, білім беру, әлеуметтік, гуманитарлық және гендердік мәселелерде ЭЫДҰ-ның тәжірибесін енгізуге ниетті екендігін атап өтті.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың сенімді әріптесі ретінде ЭЫДҰ-мен өзара іс-әрекет аясын одан ары кеңейту бағытын жалғастыратындығын жеткізді.