Қазақстанда Ұлттық студенттік кеңес құрылуда

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Республикада құрамына Қазақстанның студенттік ұйымдарының көшбасшылары енетін Ұлттық студенттік кеңес құрылады, деп хабарлады ҚР БҒМ Жастар ісі жөніндегі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Өтешев Pm.kz сайтына берген сұхбатында.

«Студент жастар бүгінде Қазақстан жастарының авангарды болып табылады, бұл белгілі әлемдік тренд. Ұлттық студенттік кеңес бұл - студенттердің өзін өзі басқаруын дамытуға жасалған жаңа қадам», - деді Н.Өтешев.

Құрылып жатқан кеңес жастар бастамаларын жүзеге асырудың анағұрлым жоғары деңгейлі  алаңы болады деп күтілуде.

 Бұдан басқа, Н.Өтешев Ұлттық студенттік кеңес атсалысатын бірінші кезектегі мәселелер - Қазақстанның Болон үрдісіне қосылуы мен студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыруды әзірлеу болып табылатынын баса айтты.

 Сондай-ақ, Н.Өтешев аталған кеңеске студенттік ұйымдардың көшбасшылары мен белсенділерінен басқа, жас ғалымдар да кіретінін хабарлады.