Қазақстанда Ұлыбританияның озық тәжірибесі негізінде жаңа пошталық индекстер енгізілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Ұлыбританияның озық тәжірибесінің негізінде жаңа пошталық индекстерді енгізу жоспарланады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Пошта туралы» заң жобасын таныстырған Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті.

«Бүгінгі күні пошта қызметін пайдаланушылардың мекенжайлары пошта операторының өндірістік нысандарына берілген. Көп жағдайда бұл мекенжайлар нақты болмайды, көше аттары ауысып отырады, үйлердің нөмірлері белгіленбейді, кейде көшелерге уақытша атау беріледі. Осыған байланысты, біз Ұлыбританияның озық тәжірибесінің негізінде жаңа пошталық индекстерді енгізуді жоспарлап отырмыз», - дейді вице-министр. Оның айтуынша, жаңа пошталық индекстер тек пошта операторларының өндірістік нысандарына ғана емес, сонымен қатар барлық тұрғын үй және тұрғын емес ғимараттарға берілетін болады. Бұл пайдаланушылардың мекенжайларын нақты анықтауға және жазбаша хат-хабарларды сұрыптауды тездетуге мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, биылдан бастап Астана және Петропавл қалаларында пилоттық негізде жаңа пошталық индекстерді беру жұмыстары жүргізіле бастады. «Бұдан бөлек, заң жобасында гибридтік жөнелтілім қызметін көрсетудің негізгі ережелері бекітіледі. Бұл қағаз жүзіндегі қарапайым пошта жөнелтілімінің кейбір кезеңдерден өтпей-ақ, гибридтік жөнелтілімді адресатқа тез арада жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осы тәсілді ҚР Жоғарғы соты «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп атқаруда. Яғни, пошта бөлімшелері сот хабарламасын елдің шалғай аудандарына дереу жеткізуді қамтамасыз етіп отыр. Осы тәжірибеге Бас прокуратура, Салық комитеті және Астана қалалық Ішкі істер департаменті қызығушылықтарын білдіруде», - дейді вице-министр С.Сәрсенов.