Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүкіл әлем бойынша, урбанизация белең алып жатыр. БҰҰ берген баға бойынша, 2050 жылға қарай, халықтың 70 пайызы қалаларда шоғырланатын болады. Бұл өз кезегінде көлік жүйесіне салмақ түсіріп, тұрғын үймен қамту мәселесін ушықтырады. Сонымен қатар энергияны үнемдеу және қоршаған ортаны сақтау маңыздылығы артады», - деді Абаев ASTEX Astana Smart City 2016 форумында.
Министрдің сөзінше, осы мәселелерді шешу барысында сапалы дамуды қамтамасыз ететін зияткер шешімдерді қолдану қажет. Мұндайда ақпараттық-коммуникациялық технологияларынсыз жол табу өте қиын.
«Әлемдегі көптеген мемлекеттер қалалардың постиндустриалдық дамуына үлкен және ашық мәліметтерді, бұлтты технологияларды, блокчейн мен басқаларын қала өмірінің түрлі салаларына енгізуде. «Суды ақылды тұтыну», «ақылды энергетика», тіпті «қоқыстарды ақылды басқару» деген сөз тіркестері ешкімді таңғалдырмайды. Электробайланыстың халықаралық кеңесі берген мәліметтер бойынша, 2018 жылы ақылды қалаларда интернетке қосылған құрылғылардың саны 2015 жылғы 1 миллионнан 3 миллиардқа жетпек. 2022 жылға қарай, блокчейн негізіндегі бизнестің жалпы құны 10 миллиард доллар болмақ», - деді Абаев. - Жаһандық экономикадан және технологиялық нарықтан қалыс қалмау үшін осы бағыттарды қарқынды игеруге тиіспіз. Қазақстанда урбанизация деңгейі 60 пайызды құрайды. Осы көрсеткіш бойынша, біз Орталық Азияда көш бастаудамыз. Осы процестің негізгі флагманы - Астана болып табылады».
Айта кету керек, форум барысында ақылды қалаларда қолданылатын ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың дамуы мәселелері талқыланады. Астанадағы аталмыш форумға қатысып отырған халықаралық сарапшылардың қатарында - City SmartUp негізін қалаушы Ренато де Кастро, IDC ақылды қалалардың жаһандық бағдарламасының жетекшісі Ругби Кларк бар. Жалпы аталмыш шараға АҚШ, Еуропа, ТМД елдерінен 300-ден астам мейман келген.