Үш Абай ауданы
Алғаш құрылған Абай ауданы бүгіннен бастап Абай облысы (бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы) құрамында. Бұрынғы Семей облысының батыс бөлігінде 1928 жылы 3 қыркүйекте құрылған. Аумағы – 20 мың км². Орталығы – Қарауыл селосы.
Екінші Абай ауданы — Қарағанды облысының орталық бөлігіндегі әкімшілік бөлініс. 1973 жылы құрылған. Алғашында «Мичурин ауданы» болып, 1997 жылдан Абай ауданы аталады. Аумағы – 6,5 мың км². Орталығы – Абай қаласы.
Үшінші Абай ауданы Шымкент қаласының батыс бөлігінде орналасқан. Аумағы – 49 704 га. 1973 жылы 10 сәуірде құрылып, 1996 жылы таратылып, 2004 жылы қайта құрылған.
Үш Есіл ауданы
Есiл ауданы — Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батыс бөлігіндегі әкімшілік аудан. 1997 жылдың 17 сәуіріне дейін Ленин, содан кейін Мәскеу ауданы аталып келді. Аумағы – 5,14 мың км². Орталығы — Явленка ауылы.
Ақмола облысының батысында да Есіл ауданы бар. 1936 жылы құрылған. Аумағы – 8,0 мың км². Орталығы — Есіл қаласы.
Үшінші Есіл ауданы елордада. 2008 жылдың 5 тамызында құрылды. Аумағы – 31,2 мың га.
Үш Жамбыл ауданы
Жамбыл ауданы – Алматы облысының оңтүстік-батысында орналасқан әкімшілік бірлік. 1928 жылы құрылған. Аумағы – 19,3 мың км². Орталығы – Ұзынағаш ауылы.
Жамбыл облысының оңтүстік-батысындағы аудан да Жамбыл деп аталады. 1928 жылы құрылған. Аумағы – 4,3 мың км². Орталығы – Аса ауылы.
Тағы бір Жамбыл ауданы Солтүстік Қазақстан облысында. 1997 жылы бұрынғы Преснов және Жамбыл аудандарының қосылуынан пайда болды, бұл ретте 1928 жылғы шекара қалпына келтiрiлген. Аумағы – 7,46 мың км². Орталығы – Пресновка ауылы.
Екі Алматы ауданы
Ең алдымен, қазіргі Нұр-Сұлтан, ол кезде Астана қаласының аумағында Алматы ауданы құрылған. 1998 жылы 6 мамырда. Аумағы – 21 054 га.
Ал, 2018 жылы 30 наурызда Ақтөбе қаласындағы әкімшілік-аумақтардың бірі Алматы ауданы атауына ие болды.
Екі Ақтоғай ауданы
Ақтоғай ауданы – Павлодар облысының солтүстік-батысында орналасқан. Жер ауып келген шаруалардың тың игеруімен байланысты 1907 жылы іргесі қаланған. Аумағы – 9,8 мың км². Орталығы – Ақтоғай ауылы.
Қарағанды облысының оңтүстік-шығысында да ертеден келе жатқан Ақтоғай ауданы бар. 1931 жылы, кей деректер бойынша 1928 жылы құрылған. Аумағы – 52,0 мың км². Орталығы – Ақтоғай ауылы.
Айта кетсек, Қазақстанда ресми түрде үш жаңа облыс құрылды.