Қазақстанда ұшқыштарды тексеретін дәрігерлерге айыппұл енгізу ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ұшқыштарды тексеретін дәрігерлерге айыппұл енгізу ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұндай норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында ескеріліп отыр.

Заң жобасы бойынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгертулер енгізу жоспарланған. Осылайша, медициналық тексеру ережелерін сақтамаған медициналық сарапшыларды 100 АЕК көлемінде айыппұлмен жазалау көзделген. Егер ол екінші рет қайталанатын болса, айыппұл көлемі 200 АЕК дейін өседі.

«Аталмыш айыппұл алғаш рет орын алған құқық бұзушылық үшін тым көп. Бұл нормалар тәжірибеге алғаш рет еніп отырғандықтан, сонымен қатар әкімшілік заңнаманың репрессивтілігін төмендету принциптеріне сәйкес, аталмыш айыппұлды 50 АЕК-ке дейін төмендетуді, ал екінші рет қайталанған жағдайда салынатын айыппұлды 100 АЕК-ке дейін азайтуды ұсынамын», - деді жұмыс тобының депутаты Тарас Хитуов.

Дегенмен отырыс барысында бұл ұсынысқа пікір екіге жарылды.

«Біз мұндай ұсыныспен келіспейміз. Себебі мұндай нормалар қазір барлық ірі мемлекеттерде қолданылуда, егер медициналық қызметкерлер ұшқышқа қатысты заң бұзушылықтарды жасырса, оларды ұшырылымға жіберетін болса, оларға 20 мыңнан 250 мыңға дейін айыппұл салынады, тіпті 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деді ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов.

Оның мәліметтеріне сүйенсек, 2014-2016 жылдардың аралығында ұшқыштарды тексеретін медициналық қызметкерлер тарапынан 130 заң бұзушылық тіркелген. Оның басым бөлігі - медициналық тексерістердің нәтижелерін жалған ақпараттармен алмастыру.

«Қазіргі уақытта біз заңда ақпараттарды жасырған медициналық қызметкерлерге, ұшқыштарға, авиациялық мамандарға айыппұл салуды қарастыратын норманы енгізуді ұсынамыз», - дейді ол.