Жоба ел ұстаздарының фотосуреті мен ұстаздық ұстанымын көпшілікке танытуды мақсат етеді. Ал цифрлық галереяға кез келген мұғалім қатыса алады.
«Bilim бейнесі» жобасы Bilim Group ұлттық цифрлық білім беру экожүйесінің бастамасымен жүзеге асып отыр. Экожүйенің бас директоры Александр Савченконың айтуынша, жобаның мақсаты мұғалімдердің ұлттық цифрлық галереясын қалыптастырумен ғана шектелмейді. «Bilim бейнесі» Қазақстанның түрлі өңіріндегі педагогтерді бір алаңға жинап, білім беру саласына күнделікті үлес қосып жүрген ұстаздарды көпшілікке танытуды көздейді.
— Жоба арқылы біз «ұстаз» деген ардақты ұғымның артында нақты адам тұрғанын көрсеткіміз келеді. Оның өз жолы, жинаған тәжірибесі, шәкірттерінің дамуына қосқан үлесі бар. Ал мұның бәрі түптеп келгенде Қазақстанның білім беру саласының дамуына ықпал етеді. Елдің болашағын қалыптастыруда ұстаздардың орны ерекше. Себебі мұғалімдер күн сайын қабылдайтын үлкенді-кішілі шешімдері арқылы болашақтың негізін қалайды, — дейді Александр Савченко.
Ал жоба кураторы Перизат Кәрімқұлдың айтуынша, «Bilim бейнесі» ұстаздардың өздерін кәсіби қырынан танытып, мамандыққа деген көзқарасы мен өмірлік ұстанымдарын бөлісе алатын орта болмақ. Цифрлық галереяда мұғалімдердің фотосуреттері мен ұстаздық ұстанымдары жарияланады.
— Жобаның басты ерекшелігі — галереяның мазмұнын мұғалімдер өздері қалыптастырады. Әр ұстаздың өзіндік жолы, ұстанымы мен білім беру саласына деген көзқарасы бар. Біз педагогтерді осы жобаға қатысып, Қазақстанның білім бейнесін, мұғалімдердің ортақ цифрлық галереясын жасауға үлес қосуға шақырамыз, — дейді жоба кураторы.
Жобаға қатысу үшін педагогтерге сайттағы арнайы сауалнаманы толтырып, ұстаздық ұстанымын бөлісіп, фотосуретін жүктеу жеткілікті. Қазірдің өзінде «Bilim бейнесі» цифрлық галереясында фотосуреті мен кәсіби миссиясын бөліскен алғашқы қатысушылардың жұмыстары ұсынылған. Жобаға өтінімдер 2026 жылғы 5 қазаннан 1 желтоқсанға дейін қабылданады.
Елімізде педагог мәртебесі қалай өзгерді, қалай қорғалып жатыр? Бұл туралы кәсіби мерекеге орай Kazinform тілшісі педагогтерге көрсетілетін қолдау мен саладағы негізгі өзгерістер туралы жазған шолуынан оқыңыз.