Қазақстанда ұялы байланыс құнын төмендететін тетік қолға алынды - А. Жұмағалиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өз телефон нөмірін толықтай сақтай отырып, операторды ауыстыру мүмкіндігі Қазақстанда ұялы байланыс құнын төмендетеді. Бір жылдан бері қолға алынған бұл механизмді іске асыруға негізгі дайындық жұмысы да жүргізілді, деп жазады Kazpravda.kz.

«Қазір абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқорын құру және әкімшілендіру жұмыстары жүргізілуде, себебі 2015 жылы қазақстандық мобильдік байланыс абоненттері нөмірін толықтай сақтай отырып, операторларын ауыстыра алады», - деді ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің басшысы А. Жұмағалиев.

Агенттік басшысының айтуынша, операторды ауыстыру қызметі іске қосу келешекте тарифтердің төмендеуіне, байланыс сапасының артуына да әсер етуі тиіс.

Қазақстан ұялы байланыс тарифтері деңгейі бойынша 148 елдің ішінде 17-ші орында. «Мобильдік құлдықты» жою жобасы арқылы бұл сатыдан жоғары көтерілуге болады.