Қазақстанда Вьетнаммен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мемлекеттік сыртқы саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылады - И.Рогов
Бұл туралы Конституциялық Кеңестің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жоғары мәртебелі мейманды қарсы ала отырып, Конституциялық Кеңес төрағасы И. Рогов соңғы жылдары Қазақстан мен Вьетнамның сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық, ғылыми-техникалық, мәдени және өзге де салалардағы өзара қарым-қатынасы қарқынды дамып отырғанын атап өтті. Байланыстар екіжақты да, көпжақты да ынтымақтастық шеңберінде тереңдей түсуде. Қазақстан мен Вьетнамның мемлекеттік органдары арасында, атап айтқанда, заңгерлік құрылымдары арасында, конституциялық заңдылықты, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қаратылған өзара тығыз әріптестік қатынас орнаған.
Әңгімені жалғастыра келе, Конституциялық Кеңес басшысы Вьетнаммен ынтымақтастықты одан әрі дамыту Қазақстанда мемлекеттік сыртқы саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Кездесу барысында Тараптар Қазақстан мен Вьетнамның ұлттық құқықтық жүйені жаңғырту мәселелері төңірегіндегі ынтымақтастығының жай-күйі мен болашағы жайлы пікір алмасты.
И.Рогов өзінің сұхбаттасын Конституциялық Кеңестің негізгі заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы қызметі туралы хабардар етті.