Қазақстанда вагондары суық тасымалдаушы компанияға 1,9 млн теңге айыппұл белгіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Вагондары суық және нашар қызмет көрсетілуіне байланысты теміржолда жолаушы тасымалдаушы компанияға айыппұл салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИДМ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлікке қарасты Көлік комитетінің комиссиясы еліміздегі жолаушы пойыздарын тексеріп жатыр. Астана-Қостанай учаскесінде «Түрксіб Астана» тасымалдаушысының №43/44 Алматы-Қостанай бағытындағы пойызы тексерілген.  

«Нәтижесінде ҚР Ұлтық стандарт талаптары орындалмаған 32 факті анықталған: вагон сыртының, жолаушылар пойызында қызмет көрсетудің талапқа сай болмауы, терезелердің саңылауы болуы және т.б. Бұдан бөлек, жолаушылар бірқатар вагондардың салқын екенін айтып шағымданған. Тексеру қорытындысы бойынша «Түрксіб Астана» ЖШС-на 1,9 млн. теңгеден астам айыппұл салу жоспарланып отыр», делінген хабарламада.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру актілері кемшіліктерді жою және бұдан былай бұзушылықтарға жол бермеу үшін тасымалдаушыға жіберіледі.

Комиссиялық тексеріс әрі қарай жалғасуда.