ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев биылғы наурыздан бастап бағдарлама аясында банктер жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын ҰБ-ның 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгемен қайта қаржыландыруды жүзеге асырып жатқандығын атап өтті.
«Бүгінде банктер 40,1 млрд теңге көлеміндегі сомаға 5 131 өтінімді қайта қаржыландыруға мақұлдады. 27,7 млрд теңге көлемінде 3 845 қарыз қайта қаржыландырылды. Валюталық ипотекалық қарыз алушыларды бағдарламамен барынша қамту мақсатында валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдеге дейін ұзартылды», - деді Д. Ақышев.
Бағдарламаға енгізілген түзетулерді ескере отырып, қарыз алушылар кредитор банкке 2019 жылғы 1 шілдеден кешіктірмейтін мерзімде қайта қаржыландыруға өтініш беруі қажет.
ҰБ басшысы валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық банктің қаражатынан банктерге қайтарымды негізде 156 млрд теңге бөлінетінін хабарлады.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында банктер қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар және тұрақсыздық айыбы (өсімпұл) бойынша 136 млрд теңгеден астам сомаға берешегін кешіретін болады», - деді Данияр Ақышев.
Сонымен қатар ол ҚР Ұлттық банкі қазіргі уақытта мүлкі банктердің балансында тұрған ипотекалық қарыз алушыларды қолдаудың соңғы сатысына кіріскенін атап өтті.