Қазақстанда вирустан таза алма көшеттеріне арналған алғашқы аналық бақ құрылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен елімізде алманың вирустан таза көшет материалын өндірудің ғылыми негізделген жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірегей пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Фото: АШМ

Жоба 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында іске асырылып жатыр. Мақсаты – отандық бау-бақша шаруашылығын дамыту, көшет материалының сапасын арттыру және импортқа тәуелділікті азайту. Бұл – Қазақстандағы осы бағыттағы алғашқы әрі әзірге жалғыз жоба. Ол отандық алма сорттары мен телітушілерін заманауи биотехнологиялық әдістер арқылы вирустардан арылтып, сапалы көшет қорын қалыптастыруды көздейді.

Фото: АШМ

Жоба аясында ғалымдар ғылыми және өндірістік бақтарда өсірілетін алма сорттары мен телітушілеріне вирустық аурулардың бар-жоғын анықтау үшін ауқымды зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде оларды вирустан арылту бойынша биотехнологиялық жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде «Жетісу 5», «АРМ-18», «Б-16-20», «Б-7-35» атты отандық алма телітушілері, сондай-ақ «Айнұр», «Салтанат» және «Восход» секілді болашағы зор қазақстандық сорттар вирустан толық тазартылды.

Фото: АШМ

Отандық жоғары сапалы көшет өндірісін жедел дамыту мақсатында жоба шеңберінде Нидерланд Корольдігінен әлемдік нарықта сұранысы жоғары 12 түрлі алма телітушісінен 7,9 мың түп және шетелдік селекцияға жататын 20 сорттан 2,2 мың түп әкелінді. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар өңірлік филиалының базасында аумағы 0,5 гектар болатын еліміздегі алғашқы вирустан таза аналық бақ құрылды. Қазір аумағы 1,5 гектар болатын аналық бақты қалыптастыруға арналған көшеттер дайындалып жатыр.

Фото: АШМ

Алдағы уақытта институт отандық бағбандарды «М9», «М7», «В9», «ММ106», «М111» сияқты сұранысқа ие телітушілермен, сондай-ақ «Гренни Смит», «Гала», «Фуджи», «Джонаголд» және басқа да танымал сорттардың сертификатталған, вирустан таза көшеттерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Фото: АШМ

Бұл Қазақстанда сауықтырылған көшет материалын өндірудің заманауи жүйесін қалыптастыруға, жеміс өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ бәсекеге қабілетті бау-бақша шаруашылығын дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға негіз қалайды.

2027 жылға дейін апорт алма бағының көлемі 110 гектарға жететінін жазған едік.