Қазақстанда заңсыз миграция арнасы: жүк көлігіндегі құпия орын әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM — Криминалдық полицейлер Павлодар облысында арнайы операция барысында мемлекеттік шекара арқылы заңсыз транзит ұйымдастыру әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Фото: Павлодар облысы ПД

Жедел іс-шаралар нәтижесінде Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Ол өз отандастарын Ресей Федерациясы арқылы Қазақстанға заңсыз тасымалдау схемасын ұйымдастырған.

Қылмыстық жоспарды жүзеге асыру үшін ер адам MAN маркалы жүк көлігін пайдаланған.

Көлікті тексеру кезінде жедел қызметкерлер адамдарды жасырын тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған құпия орын тапты.

Көлік тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды. Ұйымдастырушыға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

— Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша, көлік құралын ұсыну және байланысты қызметтер көрсету арқылы қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын тексеруге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деді Павлодар облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Бұған дейін ШҚО-да биыл заңсыз жұмыс істеген 180-нен астам шетелдік жауапқа тартылғанын жаздық.