Тиісті бұйрыққа 2026 жылғы 26 мамырда қол қойылды.
Құжатқа сәйкес, зейнетақы тағайындау рәсімдерінің бір бөлігі цифрлық форматқа көшіріледі.
Зейнетақы тағайындау кезінде қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы алынады.
Олардың қатарында жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер қоры, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының мәліметтері, қорғаншылық және қамқоршылық жүйелері, Жоғарғы сот пен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық базалары бар.
Өтінішті қағаз түрінде де, электронды форматта да беруге болады.
Егер қажетті ақпарат мемлекеттік дерекқорларда болмаса, азамат растайтын құжаттарды өзі ұсынуы тиіс.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, қосымша құжаттарды тапсыру қажеттігі туралы хабарлама азаматтарға жаңа тәртіппен жолданады.
Мұндай хабарламалар қысқа мәтіндік хабарлама арқылы да жіберіледі.
Жетпейтін құжаттарды ұсынуға 25 жұмыс күні беріледі.
Сондай-ақ артық төленген зейнетақы қаражатын қайтару тәртібі нақтыланды.
Қаражат алушының өтініші бойынша, Мемлекеттік корпорацияның құжаттары негізінде немесе сот шешімімен қайтарылуы мүмкін.
Өзгерістер қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында толық мемлекеттік қамқорлықта тұратын азаматтарға да қатысты.
Зейнетақы төлемдерін тоқтату немесе қайта бастау туралы шешімдер мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде қабылданады.
Құжатқа сәйкес, төлем жүргізіліп жатқан зейнетақы істері қолданыстағы істер мұрағатында сақталады.
Ал зейнетақы істерінің электрондық нұсқалары уәкілетті органның цифрлық жүйесінде мерзімсіз сақталады.
Өзгерістердің басым бөлігі 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.
Жекелеген нормалар 2026 жылғы 13 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, зейнетақы жинағының жеткілікті шегін есептеудің жаңа тәртібі бекітілді.