Қазақстанда «Зейнетақылық инвестициялау күні» акциясы өтіп жатыр

None
АЛМАТЫ. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар ірі қалаларында «Зейнетақылық инвестициялау күні» акциясы өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шараны «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы» мен «Республика» жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ ұйымдастырып отыр. Ол бір уақытта Қазақстанның 17 қаласындағы Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының Білім беру орталықтарында өтіп жатыр.

«Акцияға 11 зейнетақы жинақтаушы қорлары қатысуда. Олар келушілерге зейнетақылық салымдар мен төлемдер, ЖСН жүйесіне көшу, ЗЖҚ инвестициялық әрекеттері туралы сұрақтары бойынша кеңестер береді. Біздің

мақсатымыз - 13 жылдың ішінде Қазақстанның зейнетақы жүйесінде бірнеше реформа жасалды, оның өзгерістері мен мүмкіндіктерімен халықты таныстыру. Сондай-ақ олардың бұл саладағы білімін арттыру болып табылады», дейді АӨҚО Ақпараттық білім беру орталығының бас маманы Ақжарқын Жағыпарова. Оның айтуынша, бұл жұмыстар Қазақстан халқының 2007-2011 жылдарға арналған қаржылық сауаттылық пен инвестициялық мәдениетін көтерудің мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп отыр. Бүгін де АӨҚО Білім беру орталықтарында акцияға қатысушлар арасында зейнетақылық қамтамасыз ету, міндетті және міндетті емес зейнетақылық төлемдер, зейнетақылық жинақтарды сақтандыру кепілі және зейнетақы жүйесінің реттелуі туралы дәрістер жүргізіледі.

«Мұндай дәрістер біздің орталықтарымызда тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр. Оған осы уақытқа дейін 200 мыңнан астам адам қатысты. Біз қаржылық сауаттылықты көтеру үшін интернеттегі арнайы сайтымызда, мерзімді басылымдарымызда және телерадио арналарындағы бағдарламарымызда да көпшілікке айтып, түсіндіріп жатырмыз», деді Ақжарқын Жағыпарова.