Оның айтуынша, бұл талап азаматтардың ең осал санатын қаржылық алаяқтықтан қорғау мақсатында енгізілген.
— Егде жастағы азаматтар, әсіресе зейнеткерлер немесе зейнет жасына таяған адамдар несие алу үшін міндетті түрде банк бөлімшесіне жеке келуі керек. Бұл жерде жауапкершілік банк менеджеріне жүктеледі. Егер ол адамның алаяқтардың ықпалында болуы мүмкін екенін байқаса, несие не үшін қажет екенін сұрайды. Ал клиент «маған біреу хабарласып, несие алуды айтты» десе, банк мұндай жағдайда несиені бермеуге міндетті, — деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұл талаптардың сақталуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайды. Агенттік банктерге жоспарлы тексерулер жүргізіп, талаптардың орындалуын бақылайды.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қарыз алушылардың борыштық жүктемесін бағалаудың жаңа көрсеткіші — қарыздың табысқа арақатынасы коэффициенті енгізіледі. Енді банктер несие беру кезінде осы көрсеткішті де ескеретін болады.