– Шет елдердің аң-құс өсіру тәжірибесі көрсеткендей, жабайы жануарларды қолдан өсіру олардың санының артуына, табиғаттағы жануарларға түсетін қысымды азайтуға, түрлерді сақтап қалуға және табиғаттағы тепе-теңдік пен әртүрлілікті қорғауға көмектеседі. Мәселен, Батыс Еуропада шамамен 10 мың фермада 700 мыңнан астам тұяқты жануар өсіріледі, Жаңа Зеландияда марал мен бұғылардың 800 мыңнан астамы торлы қоршауда, ал Намибияда 35 млн гектарға жететін 5 мың ранчосында 500 мыңнан астам түрлі тұяқты жануар өсірілуде, – деді Ерлан Нысанбаев.
Осылайша, елімізде аң-құс өсіру өнімдерін ауылшаруашылық өнімдеріне теңестіру ұсынылып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы саласын қолдау шараларын пайдалануға, торлы қоршауда өсірілетін жабайы жануарларға ветеринариялық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жабайы аң-құсты өсіруге рұқсат алу тәртібін жеңілдету, фермерлік аңшылық шаруашылықтарға мемлекеттік табиғи қорықшаларда жабайы жануар өсіруге рұқсат беру ұсынылған.
Бұған дейін Ерлан Нысанбаев Қазақстанға Нидерландыдан жеткізілген жолбарыстардың алғашқы қысы қалай өтіп жатқанын айтып берді.
Сондай-ақ, алдағы бес жылда Еуропадан Қазақстанға 40 Пржевальский жылқысы әкелінеді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Қызыл кітабына тағы 11 жануар түрі енгізіледі.