Қазақстанда жалға беру және басқару қызметтеріне сұраныс артты

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы қаңтар–маусым айларында жылжымайтын мүлік операциялары бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 1,4 триллион теңгеге жетті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Бюро мәліметінше, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35,2 пайызға көп.

— Көрсетілген қызметтердің ең үлкен үлесі тұрғын үйді жалға беру және басқаруға (субаренда) тиесілі болды — 681,5 миллиард теңге. Бизнес-орталықтарды, кеңсе ғимараттарын және әкімшілік нысандарды жалға беру мен басқарудан түскен табыс — 180,9 миллиард теңге. Сауда саласындағы көпфункциялы кешендер мен коммерциялық нысандарды жалға беру және басқару — 136,7 миллиард теңгені, басқа санаттарға кіретін жылжымайтын мүлікті жалға беру мен басқару — 106,2 миллиард теңгені құрады, — делінген таратылған ақпаратта.

Көппәтерлі және жеке тұрғын үйлерді сату-сатып алу операцияларының көлемі — 75 миллиард теңге,
ал басқа жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату көлемі — 4 миллиард теңге болды.

Ең төмен көрсеткіш көрме және конференция залдарын жалға беру мен басқару саласында тіркелді — бар болғаны 554,8 миллион теңге.

Өңірлер бойынша ең көп қызмет көлемі Алматы қаласында тіркелді — 608,8 миллиард теңге. Одан кейін Астана қаласы — 257,1 миллиард теңге және Шығыс Қазақстан облысы — 97,4 миллиард теңге көлемімен көш бастап тұр.

Осыдан бұрын Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда астық жинайтын комбайндар өндірісі артқанын хабарлады.