Қазақстанда жалпы жұмыссыздардың 23 пайызы немесе 124,1 мыңы орта кәсіби білім иелері болып отыр

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда жалпы жұмыссыздардың 23 пайызы немесе 124,1 мыңы орта кәсіби білім иелері болып табылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдау барысында мәлім болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2008 жылдың төртінші тоқсанындағы жалпы жұмыссыздар санының 124,1 мыңы немесе 23 пайызы орта кәсіби білім иелері болып отыр. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келтірген деректерінде 2008 жылдың 9 айында еңбекпен қамту орталықтарына 197,6 мың адам өтініш жасаған болса, олардың ішінде 960 адам кәсіби мектеп пен кәсіби-лицей түлектері. Ал бұндағы 3,2 мың адам колледждер мен училищені бітірушілер. Сондай-ақ 2008 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еңбекпен қамту органдарына 16 мен 24 жастағы 12,5 мың азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұлардың ішінде 1,1 мың адам техникалық және кәсіптік білім беру мекемесін бітірушілер болған.