АҚШ ақшасы қымбаттағалы автосалондарда баға өзгерген жоқ. Шетелдік көліктердің құны әзірге өсе қоймаған. Бірақ су жаңа темір тұлпарлардың жаңа партиясына жаңа баға қойылуы мүмкін.
«Қазір тұрған автокөліктерге тапсырысты біз қаңтар айында берсек, ол кезде доллардың бағасы 320 теңге болатын. Қазіргі уақытта 360 теңге. Сондықтан келесі жылдың басында келетін автокөліктер қымбат болатын шығар», - дейді «MERCUR AUTO» компаниясы сату бөлімінің менеджері Нұржан Мағзұмов.
Автомобиль сатушылар көлікті доллармен ғана емес, рубльмен де сатып алады. Рубльге қатысты теңге бағамы тұрақты. Сондықтан ресейлік көліктер құны сақталуы ықтимал. Бірақ бағам ауытқығалы автосалондарда сатып алушылар қарасы көбейіп, не азаймаған. Бірақ мамандар көлікті қазір алған дұрыс деп отыр.
«Шетелден келген компоненттер бұрынғы бағамен кіргізілді де, көліктер бұрынғы бағамен сатылып отыр. Кейін доллардың қымбаттауына байланысты көліктер де қымбаттауы керек. Жарты жыл уақыт аралығында қымбаттауы мүмкін. Сондықтан көлік алуды жоспарлап отырған адамдар қазір алып алғаны жөн деп ойлаймын», - дейді «Қазақстан автобизнес қауымдастығының» техникалық реттеу директоры Ербол Сейпілов.
Дегенмен, мамандар отандық көліктер бағасы сақталады деп отыр. Биыл өндіріс 86 пайызға артқан. Биыл 17 мың жүйрік тұлпар құрастырылған. Олардың жалпы құны шамамен 104 млрд теңгені құрайды.
Ал "Қазавтоөнеркәсіп" директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферов: «Әзірге айтарлықтай алаңдаушылыққа еш негіз жоқ және дабыл қағу ерте. Бүгінгі таңда қазақстандық нарықтағы қолжетімді 10 көліктің бесеуі отандық болып табылады» деген пікір білдірген.
Бұл пікірге қарамастан автоблогер Диас Уәлиханов баға бір айдан соң-ақ құбылады деп болжайды. Сондықтан көлікке сұраныс төмендейтініне сенімді. «Барлығы жаңа бағаммен сата бастайды. Сондықтан баға көтеріледі. Бұл, меніңше, тұрақты болып келген сатылымға әсер етеді. Жыл басынан бері сауда жақсы болды, бірақ енді төмендейді. Аз сатыла бастайды», - дейді ол.