Қазақстанда жаңа дәстүрлі музыка фестивалі көрерменге жол тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл еліміздің барлық аймағында «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі өткізіліп, ұлттық өнеріміз ұлықталады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр Отан» партиясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағы бір тың бастаманы қолға алды. Биыл еліміздің барлық аймағында «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі өткізіліп, ұлттық өнеріміз ұлықталады. Алғашқы тұсаукесер концерт кеше қасиетті Семей қаласында ұйымдастырылды. Партиямыздың 20 жылдығына орай өткізіліп отырған бұл ауқымды шараның Семей жерінен бастау алуы да тегін емес. Өйткені, хакім Абай туып-өскен топырақтың қазақ өнеріндегі алар орны ерекше», - деп жазды партия төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихи сананы жаңғыртуда дала фольклоры мен музыкасының алар орны ерекше екеніне назар аударды. Осы тұрғыда қазақтың ән, күй, жыр, терме сияқты асыл құндылықтарын кеңінен дәріптейтін фестивальдің берері мол.

«Аталған бастама арқылы Арқа, Алтай, Жетісу, Қаратау, Сыр және Батыс өнер мектептерін түгел қамтуға тырыстық. Соған сәйкес өнерпаздар қатарына Ерлан Рысқали, Шолпан Даржанова, Гүлмира Сарина, Алмас Нұрмұханұлы, Батыржан Мықтыбаев, Жәкен Омаров сияқты нағыз өнер майталмандары қосылып отыр. Олардан бөлек, жергілікті жас таланттарға да мүмкіндік беріледі. Мұндағы мақсат - өңірлерде дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген жастарға қолдау көрсетіп, олардың республикалық, халықаралық деңгейге көтерілуіне партия тарапынан ықпал ету», - деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар, фестиваль арқылы өскелең ұрпаққа рухани тәлім беріп, жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыру да көзделіп отыр. Еліміздің барлық өңірін қамтитын фестиваль алдағы ақпан айында СҚО мен Павлодар облысында ұйымдастырылмақ. Фестиваль концерті «Астана» телеарнасынан көрсетіледі.