«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары тіркеуге 393 070 автокөлікті қойды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12,9 пайызға артық. Оның ішінде 371 416-сы екінші рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Өсім 2017 жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға жетті. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны 21 654-ті құрады. Ол былтырға қарағанда, 32,3 пайызға жоғары», - деп атап көрсетілген таратылған мәліметте.
«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, биылғы төрт айда қайта тіркелген көліктердің үштен екісін (68,8 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған. Оның ішінде 20 жылдан асқандардың үлесі 145 мың (39 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер 29,8 пайызды құрады. Ал 4-тен 7 жылға дейін - 76 837 (20,7 пайыз), 8-ден 10 жылға дейін - 21 180 (5,7 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көліктер саны 11 967-ге жетті. Сонымен қатар пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 5 726 болды.
Таратылған мәліметке сүйенсек, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, отандық автопарктің ескіруінің тұрақты үрдісі байқалуда. Осы орайда нарықта 20 жылдан асқан көлікті қайта сату көрсеткіші 35,6 пайыздан 39 пайызға дейін өскен. Ал пайдалану мерзімі 1-3 жыл аралығындағы автокөліктер 7,5 пайыздан 3,2 пайызға дейін қысқарды.