АСТАНА. ҚазАқпарат – Республика күні қарсаңында әуе толқынында жаңа отандық радиоарна хабар тарата бастады. Бұл жиіліктен тек қана заманауи қазақша әндерді тыңдауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа ((beu)) радиостанциясы Астанада 100 FM, ал Алматыда 97.7 FM жиілігінде хабар таратады. Эфирде әншілердің жаңа толқыны жұмыс істейтін барлық жанр қамтылмақ: Q-поп, инди және r’n’b-дан бастап эксперименталдық музыкаға дейін.
Жобаның басты идеясы – жас музыка қауымдастығына қолдау білдіріп, дамыту және аудиторияға отандық сахнаның жетістігін таныстыру. Радио эфирінің 90%-ы – қазақша әндер, подкастілер мен шоулар болады.
((beu)) – беу деген сөз, яғни музыкаға немесе орындаушы өнеріне тамсанған адамның қошемет сөзі. Ал, жақшалар радиотолқынды білдіреді. Радио туралы толыққанды ақпарат Astana Media Week таратылмақ. Радионың ресми таныстырылымы Алматыда 3 қараша күні өтеді.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.