Қазақстанда жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс 2015 жылдан бастап қолданыла бастайды

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс 2015 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа редакциядағы ҚР Қылмыстық Кодексінің таныстырылымы барысында мәлім болды.

Тоқтала кететін жайт, бүгінгі қолданыстағы Қылмыстық Кодекс 1998 жылы қолданысқа еніп, оған осы уақытқа дейін бірнеше мәрте өзгерістер енгізілген. Сондықтан да, қылмыстық заңнаманы жетілдіру заман талабынан туындап отыр.

«Жаңа редакциядағы Кодекс әзірлеудің тағы бір қажеттілігі оны ел Конституциясының жаңа нормаларымен, сонымен қатар, осы уақытқа дейін ратификацияланған халықаралық келісімдермен сәйкестендіруге қатысты болып табылады. Жалпы, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру Елбасы Жарлығымен бекітілген 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес болуы шарт. Ал бұл тұжырымдама бойынша қылмыстық заңнаманы халықаралық келісімдермен сәйкестендіру және заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізудің мыңыздылығы қарастырылған болатын», деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев.

Депутаттың айтуынша, кодекс жобасында сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрестің мемлекеттік саясаты да көрініс тауып, сыбайлас жемқорлық қылмысқа жауапкершіліктің кешенді нормалары қамтылады. Бұдан бөлек, әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстанымды кеңейтіледі, екінші жағынан ауыр қылмыстарға, қылмыстың қайталану көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа және сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шаралар қатаңдатылады.

«Кодекс 2015 жылы қолданысқа енгізіледі деп күтіліп отыр. Сондықтан да, қылмыстық заңнаманы жетілдіруге қатысты заң жобаларын жан-жақты талқылауға уақыт жеткілікті болады деп ойлаймын», деді Р. Мұқашев.