«Жолдың бұзылуының алдын-алу әдісін қолдану қаржыны үнемдеуге бағытталған. Айталық, жолдарға 7-10 жылдан кейін күрделі жөндеу жүргізгеннен гөрі, ертерек жол жабындысына жөндеу жұмысын жүргізген айтарлықтай арзанға түседі»,-деп атап өтті Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов.
Микросюрфейсинг жол жабындысының бірқатар ерекшеліктері бар: суды сіңірмейді, жол сораптарын болдырмайды, жолдың пішінін түзейді, автомобиль көлігінің қозғалыс барысындағы шуылын азайтады. Аталған жол жабындысы ауыр салмақтың түсуіне төзімді келеді және 5 жылға дейін жөндеу жұмыстарын қажет етпейді.
Микросюрфейсинг жабындысы еліміздің климаттық жағдайы әр түрлі болып келетін 3 облыста: Атырау облысындағы «Атырау -Астрахань» автожолының 18 шақ-да, Алматы облысындағы «Алматы-Бішкек» автожолының 10 шақ-да, Ақмола облысындағы «Астана қаласының оңтүстік айналма жолының» 10 шақ-да сыналып жатыр.
Сынақ қорытындысы оң нәтиже берген жағдайда 2014 жылдың көктемінде Микросюрфейсинг жабындысын еліміздің жолдарында кеңінен қолдану басталады. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.