Қазақстанда жаңбырлы күндер басталып, күздің лебі сезіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Синоптиктер 18–20 тамызға ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды «Қазгидрометтің» баспасөз қызметі.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін. Тек еліміздің оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнде және таңертең тұман түседі. 19–20 тамызда солтүстік облыстарда, 20 тамызда Қазақстанның орталығында қатты жаңбыр жаууы болжанады, — делінген хабарламада.

Батыс өңірлерде күндіз ауа температурасы 30… 38°C-қа дейін көтеріліп, Маңғыстау облысының жекелеген аудандарында 41°C-қа дейін жетеді.

Ақтөбе облысында күндіз ауа температурасы 27… 35°C, Қостанай облысында 20… 30°C болады.

Солтүстік облыстарда күндіз ауа температурасының 17… 22°C-қа дейін төмендеуі күтіледі.

Еліміздің орталық және шығыс өңірлерінде күндіз ауа температурасы 18… 30°C-қа дейін төмендейді.

Қазақстанның оңтүстігінде күндіз ауа температурасы 30… 37°C аралығында болады.

Еліміздің оңтүстік-шығысында күндіз ауа температурасы 28… 35°C болады.

Бұдан бұрын синоптиктер 2024 жылдың күзіне арналған ауа райының алдын ала болжамын жасады.