Қазақстанда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді - 9 мамырдағы ауа райы болжамы

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - 9 мамырда Қазақстан аумағының басым бөлігі атмосфералық ағындардың ықпалында болып, ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады, кей жерлерде жаңбыр жауып, жел күшейеді, найзағай ойнауы күтіледі.

Республикаының батысы мен оңтүстігінде күн ашық болады, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасап.

Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, күндіз Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында кей жерлерде желдің 15-20 м/с-ке дейін күшеюі күтіледі.

Алматы облысында күндіз кей жерлерде желдің күші 15-20 м/с-ке дейін жетеді, Жалаңашкөл ауданында 18-23 м/с болып, күндіз шаңды дауыл көтеріледі.

Жамбыл облысында күндіз кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетіп, күндіз 25 м/с-ке дейін ұйтқып соғуы күтілуде.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде кей жерлерде, күндіз аймақтың басым бөлігінде желдің күші 15-23 м/с-ке жетіп, Қостанай облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі.

Республикаының оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, батысында, орталығында, шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Таяудағы кезеңде, 9-13 мамыр күндері республиканың оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы өзендердің көпшілігінде су деңгейі құбылып, күтіліп отырған жаңбырға байланысты кейбір өзендерде су деңгейі көтеріледі.

Атырау облысы шегінде Жайық өзенінде, Ресеймен шекарада Есіл өзенінде және Еділдің сағасында көктемгі су тасқынының өрістеуі жалғасады.

Бұдан бұрын Алматы облысында су тасқыны болатыны ескертілді. Толығырақ - мына жерде.