Комитеттің алқа отырысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары шығарылды. Мәліметке сәйкес, қаралған өтініштердің нәтижесінде 15 мың тұтынушының талаптары қанағаттандырылды (32%), 15,4 мың адамға құқықтық көмек пен консультация берілді (32,8%), ал 12 мың өтініш (25,8%) құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды.
Өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда (18,4 мың), электрондық сауда (9,7 мың), тұрмыстық қызметтер (4 мың), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (2,9 мың) және байланыс қызметтеріне (1,1 мың) қатысты болған.
Ең көп өтініш Алматы қаласында — 9 064, Астанада — 6 221 және Шымкентте — 4 411 тіркелген.
Алты ай ішінде тұтынушылардың өтініштері негізінде 776 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 892 әкімшілік іс қозғалды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 17,3 млн теңге болды.
Комитеттің мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге тауарларды айырбастау және ауыстыру қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,3% жоғары.
Сондай-ақ «Сапалы өнім» жобасы аясында тексерілген 874 өнімнің 623 атауынан заңбұзушылық анықталды. Оның 84%-ы таңбалау талаптарына, ал 16%-ы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға қатысты болған. Осы фактілер бойынша 462 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тиісті ден қою шаралары қабылданды.
Еске салайық, бұған дейін жыл басынан бері тұтынушыларға қанша қаражат қайтарылғаны жөнінде жазғанбыз.