ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: «Астана электротехникалық зауыты» бір жылда 1 млрд-тан астам теңгенің өнімін шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана электротехникалық зауыты» 2014 жылы 1 млрд 200 млн. теңгеге электротехникалық бұйымдар жасады, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

«Астана электротехникалық зауыты» 2012 жылдың сәуірінде іске қосылған болатын. Кәсіпорын Қазақстанда 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «ЭнергоСтройТехКом» компаниялар тобына кіреді. Компания электр қалқандар өндіруші ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ реестіріне енген. Осы күнге дейін кәсіпорын 608 бірлік өнім шығарды, ал 2014 жылы 1 млрд 200 млн. теңгеге электротехникалық бұйымдар жасаған. Өндіріс өнімдері Қазақстанның барлық аймақтарына және экономиканың барлық салаларына жеткізіледі. astana.gov.kz сайтына берген сұхбатында «Астана электротехникалық зауытының» атқарушы директоры Асылхан Манатов қазіргі кезде кәсіпорын өнімдерінің экспортқа шығарылғанын айтқан. «Үстіміздегі жылы өзбекстандық компаниямен келісімшарт жасастық, соның негізінде екі трансформаторлық шағын станцияны жеткіземіз. Өзбекстанда Самарқанд қалалық су арнасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл біздің бірінші экспортымыз. Келесі аптада аталған өнімді жеткіземіз деп ойлаймын», - дейді А.Манатов. Елордада аталған кәсіпорынның өнімдері жоғары сұранысқа ие және «Базис-А», «BI Group», «Стройкласс», «IT Инжиниринг», «Нұр Астана Құрылыс» сынды бірқатар ірі компаниялар зауыт өндіретін сапалы өнімді сатып алып отыр.