«Қазақстанда жасалған» өнім неміс сапасына сай болуы керек — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Бавария технологиясын енгізіп, неміс сапасына сай өнім өндіруді қазақ-герман экономикалық ынтымақтастығының басым бағыты ретінде атады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Фото: Ақорда

Президент елімізде Баварияның жетекші компаниялары, соның ішінде Siemens, Siemens Energy, Knauf, Horsch және басқа да кәсіпорындары табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, қазақ-герман экономикалық қарым-қатынасының келесі кезеңі озық технологиялармен, жоғары технологиялық өндіріспен және жаңа нарықтарды бірлесе игерумен байланысты болуға тиіс. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бавариялық компания жетекшілеріне елімізде инвесторларға жасалып жатқан қолайлы жағдай, атап айтқанда, Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб пен Астана халықаралық қаржы орталығы туралы кеңінен мағлұмат берді. Содан кейін Президент өзара тиімді серіктестіктің негізгі бағыттарына тоқталды.

— Озық өндірісті дамыту негізгі басымдықтардың бірі болғаны абзал. Қазақстан машина жасау, металлургия, электр техникасы және қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуды қолға алды. Әйтсе де еңбек өнімділігін одан әрі арттыру үшін өндірісті автоматтандырып, роботты техника мен озық технологияларды кеңінен пайдалану қажет. Siemens және KUKA секілді компаниялар аталған салаларда көшбасшы саналады. Қазақстанның ірі кәсіпорындары, соның ішінде Qarmet те бар, өнеркәсіп саласындағы тұрақты сұраныс пен сенімді серіктестік байланыстарды қамтамасыз ете алады. Өршіл мақсаттарымызды «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған»деген қарапайым сөзбен бейнелеуге болады, — деді Мемлекет басшысы.

Президент аса маңызды материалдарды серіктестіктің тағы бір бағыты ретінде атады.

— Неміс өнеркәсібі маңызды ресурстардың жеткізілу жолдары сенімді және әр тараптан болуына мүдделі. Қазақстан бұл орайда мыс, титан, алюминий, берилий, тантал, ниобий секілді элементтермен ұзақ уақыт бойы қамтамасыз ете алады, — деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, Президент Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылуында сөз сөйледі.