ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы тапсырмасына сәйкес отандық өнім өндірушілерді қолдау бағытында Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарында биылғы 21 ақпаннан «Қазақстанда жасалған» жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын.
Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, күні бүгінге дейін 30-дан астам жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен алты жәрмеңке өткізілді. Олар ұн, макарон өнімдері, өсімдік майы, жұмыртқа, тауық еті, сүт пен сүт өнімдері, сары май сынды 500-ден астам негізгі азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынды. Мұндағы баға қаладағы өзге базарлардағыдан 10-15, желілік супермаркеттердегіден 24 пайызға төмен болды. Жекелеген өнімдер, атап айтқанда, көкөніс сату үлесі үш есе, жұмыртқа мен тауық еті екі есе, кондитер өнімдері бойынша 1,2 есеге ұлғайды.
Жәрмеңкелерге 9 мыңдай қала мен облыс тұрғындары қатысып, өнім сатудан түскен жалпы табыс 12 млн. теңгеден асты.
«Қазақстанда жасалған» шарасы одан әрі жалғасуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).