Аталған түзетулерге сәйкес, электрондық коммерция инфрақұрылымы іздеу нәтижелерін көрсеткенде, «Қазақстанда жасалған» деген айрықша белгісі бар тауарларға басымдық беретін бағдарламалық жасақтаманы қамтамасыз етуі тиіс. Алайда пайдаланушы жеке параметрлерді енгізе отырып, іздесе, онда бұл норма қолданылмайды.
Өзгерістер ақпараттық-жарнамалық сауда алаңдарына да жаңа талаптар қояды. Атап айтқанда, олар хабарландыру жариялайтын тұлғаларды екі факторлы аутентификация арқылы тіркеу және сәйкестендіруді қамтамасыз етуі керек. Бұл ретте Қазақстандағы ұялы байланыс операторында тіркелген абоненттік нөмірді немесе заңнамада көзделген сәйкестендірудің басқа тәсілдерін қолдануға болады.
Тұрғын үй-жайларды сату, жалға беру немесе өзге жолмен иеліктен шығару туралы хабарландыруларды жариялаған кезде үйдің апатты және (немесе) ескі деп танылғаны туралы ақпарат көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар, сауда алаңдарының бағдарламалық жасақтамасы пайдаланушылардың алаяқтық әрекеттерінің белгілерін анықтау және алдын алу үшін Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен интеграциялануды қамтамасыз етуі қажет.
1-4 санаттағы сауда объектілеріне де жекелеген талаптар белгіленді. Сатушылар қазақстандық тауарлар қойылған орындарды «Қазақстанда жасалған» деген маңдайша немесе арнайы жазумен көрсетуі керек. Сондай-ақ, мұндай өнімдерді кросс-мерчандайзинг тәсілін пайдалана отырып, сұраныс ең жоғары тауарлардың жанына орналастыруы тиіс.
Одан бөлек, сауда алаңында және (немесе) сөрелердегі тиісті тауар санаттары бойынша, сондай-ақ жалпы сауда объектісі бойынша қазақстандық азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың үлесі кемінде 30% болуы қажет.
Қазақстандық тауарлар әрбір санат пен санатшаның ортадағы сөресінде, яғни сатып алушылар бірден көретін және оңай ала алатын жерге қойылуы талап етіледі. Толығырақ айтқанда, олар қолжетімді жерлерде, оның ішінде биіктігі жағынан көз деңгейінде орналастырылуы тиіс.
Бұл түзетулер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны қалыптастыру қағидаларын да қамтиды. Кәсіпкерлер аталған тауарларға өндіруші бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-ынан аспайтын деңгейде ғана үстемеақы қоса алады.
Дегенмен, қосымша шығындар болса және олар құжаттармен расталса ғана бағаны арттыруға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, тауарларды тасымалдауға немесе импорттауға, электрондық сауда кезінде жеткізуге, сондай-ақ белгіленген нормалар шегіндегі өнімнің табиғи кемуіне байланысты сауда үстемесін көтеруге мүмкіндік беріледі.
Ал тауарды өткізуге байланысты өзге шығындар белгіленген сауда үстемесінің шегінде ескерілуі тиіс және оны арттыруға негіз бола алмайды.
Сонымен қатар, ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілермен шарттар жасасуға міндетті болады.
Бұйрық 2026 жылғы 20 қазаннан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін отандық өндірушілерге мемлекеттік қолдау көлемі артып келе жатқанын жазғанбыз.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау жеңілдетілген қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алудан бастап, ірі кәсіпорындарды отандық жеткізушілермен жұмыс істеуге ынталандыруға, өнеркәсіп кооперациясын дамытуға және қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін кеңейтуге дейінгі бизнесті дамытудың барлық кезеңін қамтиды.
Мәселен, отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар. Үкімет қабылдаған шаралар қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру, ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттарды кеңейту, сондай-ақ жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділікті көздейді. Бұл тұрақты сұраныс қалыптастырып, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және кеңейтуге жағдай жасайды.
Отандық кәсіпорындар өз өнімдерін кепілді өткізуді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы алады. Тек 2025 жылдың өзінде қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге артып, шамамен 2,2 трлн теңгені құрады. Қор инфрақұрылым мен энергетикада 62 басым жобаны жүзеге асырып, қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуде.
Қазіргі таңда Қордың сатып алу жүйесінде отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдаудың 16-дан астам тетігі қолданылады. Олардың қатарында:
· отандық өндірушілерден міндетті сатып алу,
· қамтамасыз етудің барлық түрінен босату,
· егер жеткізуші отандық тауар өндіруші болса, 30%-ға дейін алдын ала төлем жасау және жеткізілген өнім үшін төлем мерзімін қысқарту шаралары бар.
Бұл отандық бизнеске айналым капиталын тиімді сақтауға және ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралардың тиімділігі отандық өндірушілермен ынтымақтастық көлемінің тұрақты өсуімен расталады. 2024 жылы Қор компаниялары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тізіліміне енгізілген 2 070 кәсіпорынмен жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 11,1 мыңнан астам шарт жасасты. 2025 жылы жасалған келісімшарттардың көлемі екі есеге жуық артып, 2,17 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде 2 283 отандық өндірушімен 8,9 мыңнан астам шарт жасалды.
Оң үрдіс биыл да сақталып отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы құны 594 млрд теңгені құрайтын 3,8 мыңнан астам шартқа қол қойылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға жоғары болды. Оның ішінде жалпы құны 343 млрд теңгені құрайтын 171 ұзақмерзімді келісімшарт бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп.
Жаңа өндірістерді іске қосуға және импортты алмастыруға ынталандыратын офтейк-келісімшарттар тетігі де кезең-кезеңімен дамып келеді. 2024 жылы жалпы құны 190 млрд теңге болатын 367 офтейк-келісімшарт, 2025 жылы құны 257,5 млрд теңгені құрайтын 363 офтейк-келісімшарт жасалды. Бұл құндық көрсеткіш бойынша 35%-ға артық. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы сомасы шамамен 47 млрд теңгеге тағы осындай 115 келісімшарт жасалды. Осы кезеңде жалпы құны 53 млрд теңгені құрайтын импортты алмастыру бойынша 9 жоба мақұлданды. Жалпы құны 74 млрд теңгені құрайтын тағы 13 жоба қаралу сатысында.
Жалпы алғанда, кейінгі жеті жылда «Самұрық-Қазына» тобының қолдау тетіктері аясында жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын жаңа өндірістерді іске қосу жөніндегі 108 жоба мақұлданды. Оларды жүзеге асыру 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етті.
Еске салайық, бұған дейін отандық тауарларды ілгерілету үшін 50 меморандумға қол қойылғанын жазғанбыз.