ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: Тек қазақстандық өнімдерді сатып аламын, менің патриоттығым осында жатыр деп ойлаймын - елорда тұрғыны

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жариялаған "Қазақстанда жасалған" акциясы шағын және орта бизнес өкілдеріне қиындықтан шығуға көмектеседі. Мұндай пікірді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Астана тұрғыны Шоқан Оразбеков айтты.

«Мемлекет басшысы «Қазақстанда жасалған» акциясын дер кезінде бастады. Менің ойымша, әрбір Қазақстан азаматы осы эстафетаны қабыл алуы қажет. Өз басым соңғы бірнеше жыл бойы тек отандық өнімдерді алып жүрмін. Менің түсінігімде өз еліңе деген патриоттық сезімнің негізі осында болуы тиіс. Достарымның көбі дәл мен сияқты отандық өнімдерді тұтынады және бұл мені шын қуантады», - дейді Ш.Оразбеков.

Оның айтуынша, мұндай қадамдардан еліміздің шағын және орта бизнесі әжептәуір қолдауға ие болады.

«Қиын сәттерде біз бір-бірімізге қолдау көрсетуге тиіспіз. Егер жергілікті өнімдерді көбірек алатын болсақ, өндірушілер де қарап қалмай, қызметі мен өнімінің сапасын арттыра түседі деп ойлаймын», - дейді ол.