Қазақстанда жасанды интеллект жазған жаңалықтарға арнайы белгі қойылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен дайындалған ақпараттық материалдарға арнайы белгі қою ұсынылды. ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Astana Media Week форумында бұл бастаманы қолдап, редакцияларда жасанды интеллектіні пайдаланудың ортақ қағидаларын әзірлеу қажеттігін айтты.

Фото: Солтан Жексенұлы\Kazinform

Оның сөзінше, оқырман мен көрермен ақпаратты дайындау барысында жасанды интеллект қолданылғанын білуі керек. Мұндай ашықтық ақпаратқа деген сенімді сақтауға мүмкіндік береді.

— Алгоритм мәтін жаза алады. Бірақ ол жазған сөзі үшін жауап бере алмайды. Жарияланған ақпарат үшін журналист пен редакция жауапты, — деді Қанат Ысқақов.

Бірінші вице-министр жасанды интеллектіні қолдану тәртібін медиа өкілдері бірлесіп айқындауы қажет деп есептейді. Оның пікірінше, кәсіби этика талаптары жоғарыдан міндеттелмей, журналистердің ортақ келісімімен қалыптасуы тиіс.

Сондай-ақ ол ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету үшін редакциялардың кәсіби талаптарды сақтауы маңызды екенін атап өтті. Цифрлық платформалармен бәсекелесу үшін жылдам жұмыс істеу қажет болғанымен, бұл деректерді тексеру мен материал сапасына әсер етпеуі керек.

— Кез келген технологияның мүмкіндігі артқан сайын оны пайдаланудағы жауапкершілік те күшейе түседі, — деді бірінші вице-министр.

Қанат Ысқақовтың айтуынша, мемлекет сапалы журналистиканы қолдауды жалғастырады. Бұл бағытта заңнамалық бастамалар, қаржыландыру және гранттық бағдарламалар қарастырылған. Әсіресе ақпараттың шынайылығын тексеруге және мемлекеттік тілдегі отандық контентті дамытуға басымдық беріледі.

Ол жалған ақпаратты ажырата білу тек журналистер мен фактчекерлердің міндеті емес екенін де еске салды. Сондықтан медиасауаттылықты арттыру қоғам үшін маңызды болып қала бермек.

Бұған дейін Astana Media Week форумы 14–16 қазан аралығында өтетінін хабарлаған едік.