Қазақстанда жастар арасындағы суицид азайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстан жастары -2018» ұлттық баяндамасын қоғам талқысына салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған құжатта келтірілген мағлұматтарды талқылау үшін дөңгелек үстел басына саясаттанушылар, ғалымдар, сарапшылар мен жастар жиналды.

«Бұл - қазіргі жастардың саяси-әлеуметтік бейнесін сипаттайтын құжат. Мұнда жастардың өмірі үшін не маңызды? Қандай өзекті мәселелер қаралады? Сіздер айтқан әр ұсыныс, нұсқау Үкіметке, мемлекеттік органдарға міндетті түрде жетеді», - деді «Жастар Үні» ЖҚБ төрағасы, Қоғамдық кеңес мүшесі, саясаттанушы, журналист Дәурен Бабамұратов.

Орталық бұл  құжатты 2013 жылдан бастап шығарып келеді.

Сарапшылардың айтуынша, биылғы баяндамада негізгі назар аударатын бірқатар тармақ бар. Оның бірі - жастар санының азаюы.

«2018 жылы жастардың саны азайғанын байқауға болады. Осыдан 5 жыл бұрын жастар Қазақстан халқының 25 пайызын құраса, қазір 21 пайызға түсті. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш 2022 жылға дейін сақталады. Одан кейін ғана өсім басталады. Бұның себебі демографиялық құлдилауға байланысты. Екіншіден, қала жастары санының артуы. Ауылда жастар айналысатын іс жоқ. Спорт нысандары қолжетімсіз. Сондай-ақ, жастардың азаматтық белсенділігі төмендеп кеткен. Сонымен қатар, жастардың неке құру жасының ұлғайып кеткені де алаңдатады. Бұл да - жағымсыз факторлардың бірі», - деді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері, саясаттанушы Әсем Қайдарова.

Айта кету керек, бұл сауалнамаға Қазақстанның әр өңірінен 2000 респондент қатысқан.

5 жыл бұрынғы құжатпен салыстырғанда биылғы баяндамадан бірқатар позитивті тенденцияларды байқауға болады.

Атап айтсақ, бұл зерттеу  жастар арасындағы суицид, қылмыстың және ЖИТС жұқтыру жағдайларының азайғанын көрсетіп отыр.

«Қазақстанда жыл басынан бері 393 жас өзіне қол салған. 809 адам өмірмен қош айтысқысы келген. «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының сарапшылары бұл деректі позитивті дерекке жатқызып отыр. Себебі, 2015 жылы өзіне қол салған жастардың саны 907 болған. Сосын жастардың 80-90 пайызы «өміріңдегі ең маңызды нәрсе не?» деген сауалға отбасы деп жауап берді. Қазақстанның басым жастары үшін басты нәрсе - отбасы құндылықтары екен. Бұл - әрине, өте жақсы үрдіс», - деді Әсем Қайдарова.

Баяндамадағы зерттеулерге сәйкес, қазіргі қазақ жастары үшін көкейкесті мәселе - тұрғын үй, жұмысқа тұру, білім алу болып қала бермек.

Бұл құжат Қазақстандағы жастар саясатының нәтижесін талдайтын басты құжат болып отыр. Баяндама мемлекеттік органдардың статистикалық мәліметтеріне сүйеніп жасалған.

Үкіметтік органдар түрлі бағдарлама, жастарды қолдау жобаларын жасағанда қазіргі жастардың портретіне арқа сүйемек.

Айта кету керек, Елбасы  5 қазандағы Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.