Халықаралық Young Health Programme (YHP) бағдарламасы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде іске қосылды.
Жоғары оқу орнының мәліметінше, Қазақстанда алғаш рет қолға алынған жоба AstraZeneca халықаралық биофармацевтикалық компаниясы мен Just Support жеке қорының қолдауымен жүзеге асырылады.
Жоба аясында студенттердің денсаулық туралы сауатын арттыру, аурулардың алдын алу, физикалық және психологиялық саулықты нығайту көзделген. Сондай-ақ жастардың өз ортасында саламатты өмір салтын насихаттау бастамаларына қатысуына мүмкіндік беріледі.
Іс-шараға Қазақстандағы Ұлыбританияның елшісі Салли Джейн Аксуорси, Швеция елшісі Стефан Эрикссон, университет басшылығы, халықаралық ұйымдар және облыс әкімдігінің өкілдері қатысты.
Жобаның негізгі бағыты - жүрек-қан тамырлары, онкологиялық аурулар, тыныс алу жүйесінің созылмалы дерттері мен қант диабетінің алдын алу. Бағдарлама барысында темекі мен алкоголь тұтыну, аз қимылдау, дұрыс тамақтанбау сияқты қауіп факторларына ерекше назар аударылады.
Университет ректоры Ербол Исакаевтың айтуынша, оқу орнында UniMed медициналық клиникасы, психологиялық қызмет және студенттердің психологиялық клубы жұмыс істейді. Жаңа бағдарлама осы мүмкіндіктерді халықаралық тәжірибемен ұштастырып, жастардың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталмақ.
- Біздің мақсатымыз - студенттерге сапалы білім берумен қатар, олардың физикалық және психологиялық саулығын сақтауға жағдай жасау. Жастар денсаулыққа қатысты дұрыс шешім қабылдап қана қоймай, білім мен пайдалы дағдыларды қатарластарына да жеткізе білуі керек, - деді ректор.
Алдағы уақытта бағдарлама аясында білім беру және профилактикалық шаралар өткізіліп, мамандардың біліктілігі арттырылады. Сонымен қатар өңірде профилактикалық және диагностикалық жұмыстарды кеңейтуге арналған жылжымалы зертхананы іске қосу жоспарланып отыр.
Young Health Programme - жастар арасында жұқпалы емес аурулардың алдын алуға және денсаулық мәдениетін қалыптастыруға арналған халықаралық бағдарлама. Компанияның мәліметінше, бастама 60-тан астам елді қамтиды.
Бұған дейін Атырауда жастар форумында 500 мың теңгелік гранттар табысталғанын жазған едік.