Қазақстанда «Жастар идеяларының банкі» жобасы жүзеге асырылады

None
АЛМАТЫ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда «GSM Қазақстан/K CЕll компаниясы мен «Еуразия Орталық Азия қоры» «Activ жастар идеяларының банкі» жобасын жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Екі тарап бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстандық қоғамның сапасын арттыру мен бизнестің әлеуметтік жетекші бағытын қалыптастыру мақсатында жасалып отыр дейді. Бұнымен қатар, «Activ жастар идеяларының банкі» жастардың әлеуметтік мәселелерді шешуге, қоғамның дамуына қатысуын арттыруға ықпал жасамақ. Бұл бағытта жастар банкін құру, дамыту мәселелеріне, көшбасшылықты, еріктілікті, менеджментке көзқарасты дамытуға арналған бірқатар семинар, тренингтер өткізілмек. Тараптардың айтуынша жоба аясында жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін 1-ші жылы 20 грант, 2-ші жылы 40 грант бөлінеді. Бұған кез-келген жас өз жобасымен қатысып, грант ұтып ала-алады. Үшінші жылы құрылған жастар банктерін біріктірілген желі ретінде топтастыру көзделген.«Біз бұл жоба арқылы жастар қауымдастығының қызметін дамытуды көздейміз. Бизнестің әлеуметтік бағыты басым компания ретінде басқа да әлеуметтік жобаларға қатысуды негізгі мақсатымыз деп білеміз», дейді GSM Қазақстан компаниясының бас қаржы директоры Нұрлан Сарғасқаев. Оның айтуынша, жастар идеяларының банкі жобасы Еуропа мен Кавказ елдерінде сәтті жүзеге асырылуда. Ал Қазақстанда екі жылдық тәжірибелік жоба ретінде Тараз, Өскемен, Орал, Қостанай қалаларында енгізілмек.