Қазақстанда жастардың еңбек жасақтары құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда көшелерді абаттандыру, мәдени шараларды өткізу және аумақтарды көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын жастардың еңбек жасақтары құрылмақ. Бұл туралы Жастар және отбасы істері комитеті ашық талқыға шығарған тиісті бұйрық-жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңының 6-бабы 12-2 тармақшасына сәйкес, қоса беріліп отырған жастар еңбек жасақтарын құру, ұйымдастыру, қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қызметіне мониторинг жүргізу қағидалары бекітілсін», - делінген бұйрықта.

Құжатта көрсетілгендей, жастардың еңбек жасақтарына қатысу үшін 14-35 жас аралығындағы ҚР азаматтарынан өтінімдер қабылданады. Құжаттар жастар ресурстық орталықтарына тікелей жүгіну немесе «EL JASTARY» интернет-ресурсы арқылы тапсырылады.

Жастардың еңбек жасақтарына қатысу үшін келесі құжаттар ұсынылады:

- өтініш;

- сауалнама;

- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

- кәмелетке толмаған азаматтар үшін ата-аналарының бірінің не заңды өкілдерінің жазбаша келісімі;

- соттылығының болу не болмауы туралы анықтама;

- денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;

- психоневрологиялық ұйымнан анықтама;

- наркологиялық ұйымнан анықтама;

- туберкулезге қарсы ұйымнан анықтама.

Кейін жастар ресурстық орталықтары ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеріп, азаматтарды жасақтардың құрамына енгізу үшін тізім жасайды. Бір топта кемінде 10 адам болуы қажет.

Жасақ құрамына қабылданған азаматтар мына қызметтермен айналысады:

1. Көшелерді, скверлер мен саябақтарды абаттандыру;

2. Аумақтарды көгалдандыру;

3. Бос уақытты ұйымдастыру бойынша жұмыс, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу және оған қатысу;

4. Жастардың қажеттіліктері мен мүдделері негізінде ҚР заңнамасына қайшы келмейтін өзге де жұмыстар.

Жастар еңбек жасақтарының қызметі ҚР заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Ескеретіні – жасақ құрамындағы азаматтар зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарға жіберілмейді.

Бұйрық 23 ақпанға дейін көпшілік талқылауда болады.