«Қазақстанда жастарға арналған киберспорт академиясы құрылады. Алғашқы орталық жақын айларда Астанада ашылады. Орталық Esports Academy жұмыс атауын алды және ол үшін бағдарлама, ұйымдастыру және жарақтандыру туралы жоспар әзірленді. Сондай-ақ, техникалық талаптар мен кадрлық құрам бекітілді», - делінген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының Фейсбук парақшасында.
Аталған дерекке сүйенсек, академия базасында CS:GO тәртібі бойынша жаттығу, оқу, шеберлік сағаттары және 12-20 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған турнир өткізіледі. Бұл базалық оқу-жаттығулар кездейсоқ таңдау емес. Бұл тәртіп әлемде кеңінен танымал, көптеген команда мен ұйымдар бар және осы тәртіппен кең ауқымды турнирлер өтеді.
«Академияға ата-ана баласымен келіп барлық сұрақтарына жауап ала алады. Яғни, киберспорт деген не, өзін қалай ұстау керек, баланы ойнауға тыйым салу қажет пе және тағы басқа. Бүгінде киберспортты - мүмкіндіктер спорты деп атауға болады. Киберспорттағы жеңіс пен нәтиже көбінесе талдау, стратегия, командалық жұмыс және спортшылардың бейіміне байланысты», -деп көрсетілген мәлімдемеде.
Қазақстанда алдын ала бағам бойынша кибер-индустрия контентінің 1,5 млн шамасында белсенді пайдаланушысы мен қолданушылары бар. Киберспортпен мыңдаған жастар әуестенеді, бірақ кәсіби түрде айналысушылар саны бірнеше ондаған ғана.
Айта кетер болсақ, әлемнің дамыған елдерінде киберспорт - арнайы спорт түрі ретінде мойындалып, ол Олимпиада ойындарының ресми емес тізіміне енгізілді.
Сондай-ақ, хабарламада елімізде аталған спортты дамыту мен танымал ету жолында «Qazaq Cybersport Federation» федерациясы жұмыс істейтіні айтылған.