Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» қазақстандық өнертапқыштардың жаңа технологиялары мен өнімдеріне гранттар және микронесиелер беру, оларды коммерцияландыру бағытына баса назар аударады. Осы ретте орталық «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен бірлесе аталмыш саланы қаржыландыру бағдарламасын жасақтауды көздеуде.
Рәпіл Жошыбаев сонымен қатар, алдағы уақытта Қазақстанда баламалы қуат көздерін өндірістерге көптеп тарту үшін жаңа қорлар ашылатынын атап өтті.
«Алдағы уақытта аталмыш «жасыл» қор АХҚО-ның ерекше құқықтық тәртібі аясында жұмыс жүргізеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, компания тікелей инвестициялардың қорларын басқаруды серіктестерімен немесе өзі жеке басқара алатындай мүмкіндікке ие болады. Қорлар өзінің салалық талаптары мен әртүрлі елдердегі серіктестері бойынша бөлінеді. Мәселен, жобалар негізінде «Баламалы қуат көздерінің қоры», «Орталық Азияның тұрақты энергетикасы қоры» және «Жасыл технологиялар қоры» секілді қорларды ашу жоспарланған. Ал жоғары технологиялы компаниялар мен өнімдерді қаржыландыру үшін Венчурлық қор құрылады», - дейді Рәпіл Жошыбаев.
Жоспар бойынша, «Green Capital Management» капиталға институционалдық инвесторларды, жеке қаржы институттарын немесе халықаралық ұйымдарды тартатын Тікелей инвестициялар қорларының бас серіктесі болмақ. Сәйкесінше, аталмыш қорлар жобалардан ІРО арқылы биржаға шығарылады. Ал «жасыл» жобаларды қаржыландыру бойынша «жасыл» облигациялар АХҚО базасында құрылады.