Қазақстанда «жасыл» жобалардың бірыңғай базасы құрылады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда алдағы уақытта «жасыл» жобалардың бірыңғай мәліметтер базасы құрылады. Бұл туралы «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың Халықаралық орталығының басқарма төрағасы Арман Қашқынбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзінің жұмысында орталық «жасыл» жобалардың жүзеге асырылуына және Қазақстан Республикасының аймақтарына отандық және әлемдік үздік технологияларды тарту жұмысына баса маңыз береді. Биыл жыл бойы біз бүкіл елді аралап, барлық қалалар мен облыстарға баруды көздеп отырмыз. Сапарымыз Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысынан басталып кетті. Орталық аймақтардағы барлық жоспарланған және жүзеге асырылған жобалар бойынша мәліметтердің бірыңғай базасын құрып, девелоперлер өз жерінде инвесторларға тікелей шыға алатындай жағдай жасауды көздейді. Мұнай-газ саласының ірі операторлары ынтымақтастыққа әзір болып отырғаны қуантады», - дейді Арман Қашқынбеков.

Арман Қашқынбеков Шымкентте өткен қазақстандық-өзбекстандық алғашқы отырыста орталықтың жұмысымен таныстырып, екі елдің инвесторларымен екіжақты кездесу өткізді. Сонымен бірге, ол Шымкент қаласының әкімдігімен ынтымақтастық және әріптестік туралы келісімге қол қойды. Өзбек тарапы «жасыл» экономика саласындағы бірлескен жобаларды трансшекаралық деңгейде жүзеге асыру туралы ұсынысқа қызығушылық танытты.

Бұдан бұрын Арман Қашқынбеков Uralsk Green Forum-ға қатысқан болатын. Ол жерде «жасыл» технологиялар мен жобаларды дамыту мәселелері бойынша бірыңғай оператор ретінде жаңа үкіметтік орталықтың рөлі таныстырылып, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтингпен» ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді.

Келісім аясында «жасыл» технологияларды Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтингте» енгізу мен инвестициялар тарту бойынша жергілікті атқарушы органдармен және ірі мұнай-газ операторларымен бірлесе отырып, жұмыс істеу ұсынылып отыр.

Айта кетерлігі, «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың Халықаралық орталығы Мемлекет басшысының ұсынысымен 2015 жылы БҰҰ-ның 70-ші мерекелік Бас ассамблеясының сессиясында құрылған еді.

Соңғы жаңалықтар