Жатыр мойны обыры – қазақстандық әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Қазір бұл қатерлі ісіктің таралуы сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.
Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының төрайымы Диляра Қайдарованың айтуынша, вакцина арқылы жатыр мойны обырының алдын алуға болады. Екпе папиллома вирусына қарсы салынады. Көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына осы вирус себеп.
«Қатерлі ісіктің бұл түрінің себебі көп жағдайда жыныстық жолмен берілетін адам папиллома вирусы (HPV) болып табылады. HPV вакцинациясы АҚШ, Канада, Израиль, Катар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Швейцария, Франция және Жапонияны қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген. HPV-ге қарсы вакцинация көрші елдерде - Өзбекстан мен Түрікменстанда да жүргізіледі. Әлемнің 42 елінде қыздарды да, ұлдарды да вакцинациялаумен гендерлік бейтарап тәсіл енгізілді», - деді Диляра Қайдарова.
Айтуынша, жаппай вакцинацияны ДДСҰ, ACOG, ESGO, SGO, ACS сияқты беделді халықаралық медициналық ұйымдар қолдайды. Бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жатыр мойны обырын жоюды (элиминация) жеделдету жөніндегі жаһандық стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі.
Вакцинация: қыздардың 90% - ы 15 жасқа дейін HPV вакцинасымен егілуі керек (ұлдарды да егу ұсынылады).
Скрининг: әйелдердің 70% - ы 35 жасында және 45 жасында жоғары тиімді тест арқылы скринингтен өтуі тиіс.
Емдеу: қатерлі ісікке дейінгі әйелдердің 90% және инвазивті қатерлі ісікке шалдыққан әйелдердің 90% емделгені абзал.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтынан атап өткендей, Қазақстанда 22-28 қаңтар аралығында жатыр мойны обырының алдын алу бойынша халықаралық апталық өтеді.
Сондай–ақ, Алматы онкологиялық орталығы қала тұрғындары мен қонақтарын 27 қаңтар күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін онкогинекологтердің тегін кеңесіне шақырады.