Қазақстанда жауапкершілік күшейтіле отырып, жұмыссыз статусын беру рәсімі өзгертіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа редакциядағы заң Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте өзгерістер негізінен экономиканың тиімділігін арттыру мен құрылымын өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз ететін сапалы еңбек нарығын құруға бағытталады. Ал құжатты әзірлеу барысында Халықаралық еңбек ұйымының негізгі қағидалары есепке алынып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибелеріне назар аударылған.

«Құжат бойынша жауапкершілігін күшейте отырып, жұмыссыз статусын беру рәсімін өзгерту қарастырылады. Бұл үшін жұмысқа орналасу мақсатымен жұмыспен қамту орталығына хабарласқан жеке тұлғаға ең алдымен жұмыс іздеуші тұлға статусы беріледі. Сосын жұмыс іздеп келген адамға он күнде нарықтағы бос орындар ішінен тиісті жұмыс орнын іздеуге көмек көрсетіледі. Егер осы уақыт аралығында көзделген жұмыс табылмаса, бұл адамға жұмыссыз статусы беріліп, жүмыс іздеуші жүмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға жіберіледі», - деді Т. Дүйсенова.

Бұдан бөлек, жұмыссыз статусын алған адамға әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде әрі жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемақы тағайындалатын болады. «Біздің алдымызға әлемнің отыз дамыған елінің қатарына ену туралы тапсырма жүктеліп отыр. Сондықтан да, біз осы елдердің халықаралық стандарттарын сатылап енгізуге тиіспіз. Халықаралық еңбек ұйымының қағидаттарына сәйкес, аталған елдерде еңбек нарығын көрсеткіштерін өлшеу біраз өзгеше. Мәселен, бізде «экономикалық белсенді халық» дегеннің орнына «жұмыс күші» деп көрсетіледі, сосын жұмыс күшіне кірмейтін тұлғалар жеке көрсетіледі. Қазіргі күні ЭЫДҰ елдерінде экономикалық белсенді халықтың құрамына жалдамалы жұмысшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар да кіреді», - деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, ЭЫДҰ елдерінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына сатуға шығарылатын өнімдер шығарып, табыс табатындар жатады. Ал өзі пайдалану үшін өнім шығаратын халық «жұмыс күші» құрылымына жатқызылмайды. «Біз де осы тәсілді қолданатын боламыз. Осылайша, өзі пайдалану үшін өнім шығаратын азаматтар және жұмыс істей алатын, тек жұмысы жоқтығынан жұмысқа орналаспаған немесе жұмыс іздеп жүрген адамдар санаты жұмыссыздар ретінде саналуы тиіс. Мәселен, бұл тұлғаларға бала күтіміне байланысты демалысқа шыққандар, мүгедек баланы қарайтын аналар, үй шаруашылығымен айналысатын адамдар, өзінің жеке қосалқы шаруашылығымен айналысатын тұлғалар жатады. Ал біз бүгінгі күні бұл тұлғалардың бәрін өзін өзі жұмыспен қамтығандар деп атап жүрміз. Енді жаңа халықаралық стандарттар енгізілсе, олар экономикалық белсенді емес топқа жатады және статустары бойынша әлеуметтік немесе мемлекеттік қолдауды талап ете алады», - деді Т. Дүйсенова.