Жайылымды тозудан қалай сақтауға болады — ғалыммен сұхбат

Фото Бейбіт Нәсиевтің жеке архивінен

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстанда жайылым өзекті мәселенің бірі болып отыр. Осы орайда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бейбіт Нәсиев Kazinform сауалдарына жауап берді.

— Бейбіт Нәсиұлы, алдымен Қазақстандағы мал жайылымының жай-күйіне тоқтала кетсеңіз.

— 2050 жылға қарай әлемде халық саны 9 миллиардқа жетуі мүмкін деген болжам бар. Осы ретте жаһандық климаттың жылынуы аясында экожүйелік қызметтерді, соның ішінде жердегі маңызды биомдардың бірі саналатын биосаналуандықты қолдау, мал шаруашылығы, сүт пен ет өндірісінің экономикалық негізін қамтамасыз ету үшін жайылымдардың тұрақтылығын арттыру қажеттігі күн тәртібінде тұр.

Статистикаға қарағанда, биылғы жыл басында ел жайылымдарында жайылатын негізгі мал түрлері — ірі қара, жылқы және қой-ешкі саны 32 млн 559,5 мың басқа жеткен. Қоғамдық малды сапалы мал азығымен тұрақты қамтамасыз ету және мал шаруашылығы саласын үздіксіз дамыту үшін жайылымдық экожүйелердің тұрақтылығын арттырудың маңызы зор. Қазақстан — жайылым аумағы бойынша әлемде бесінші орында (187,55 млн га). Оған қоса елдегі еттің 90, жүннің 97 және сүттің 75 пайызы осы жайылымдағы мал шаруашылығы негізінде өндіріледі.

Фото Бейбіт Нәсиевтің жеке архивінен

Жайылымдар өсімдік және топырақ жамылғысы биологиялық қызметін толық атқарған кезде өнімдірек, тұрақты және бейімделгіш болады және көбірек пайда әкеледі, сонымен қатар экожүйе қызметтерін молырақ қамтамасыз етеді. Бұл ұзақ мерзімді жоспарлау шараларын, ресурстарды сақтауды, сондай-ақ басқару мақсаттарын дұрыс таңдап, қарқынды түрде өзгеріп отыратын экологиялық, климаттық, әлеуметтік және экономикалық жағдайларға үнемі бейімделуді талап етеді. 

Қазақстанда жайылымдарды пайдалану мәселелерін ұтымды шешу үшін құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және институционалдық сипаттағы бірқатар шаралар, оның ішінде жайылымдарды пайдалану тәртібі мен рәсімдері белгіленген «Жайылымдар туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл заң 2024 жылдың 27 ақпанында толықтырылды. 

Фото Бейбіт Нәсиевтің жеке архивінен

— Қазіргі таңдағы ең басты проблемалар қандай?

— Күні бүгін шөлейттену және деградация немесе тозу жаһандағы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемалардың бірі күйінде қалып отыр. Бұл биологиялық өнімділіктің жоғалуына, топырақтың құнарлылығы төмендеп, парник газдары мен азоттың таза шығарындыларының көбеюіне, жайылымдық жерлердің биоәртүрлілігінің жоғалуына алып келеді және адамзатқа үлкен қатер төндіреді. Бұл жаһандық проблема планета халқының шамамен бестен бір бөлігіне әсер етеді және оның 100-ден астам елге қатысы бар. Жалпы, әлемдегі жайылымдардың жалпы аумағының 49 пайызы деградацияланған. 

Өкінішке қарай, Қазақстан да осы проблемаға тап болып отыр. Аймақтарда жайылымдық жерлердің шамамен 20-60 пайызы әр түрлі дәрежедегі деградацияға немесе күйзелу мен тозуға ұшыраған. Жайылымдардың мұндай күйге түсуіне әсер ететін жағдайлар ретінде климаттық және антропогендік немесе адами факторларды атауға болады.

Ең басты фактор — ол адамзат баласын дүрліктіріп отырған, соңғы жылдары әлемде белең алып келе жатырған климаттың жылыну үрдісі. Орташа есеппен алғанда, жаһандық температура алдағы 20 жылда 1,5°C-қа жылына түспекші немесе одан жоғары болады деп болжанып отыр. Климаттың бұлайша өзгеруі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. 

Фото Бейбіт Нәсиевтің жеке архивінен

Қазақстан негізінен қуаңшылықты, шөлді және шөлейтті аймақтарда орналасқандықтан, болашақта республиканың мал азықтық танаптарының өнімділігінің төмендеуі мен жай-күйінің нашарлауы одан әрі белең алары сөзсіз. Демек, аграрлық ғылым алдында климаттың өзгеруіне орай ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін соған бейімдеу, мал азықтық танаптардың сапа көрсеткіштерін жақсарту сынды өзекті мәселе тұр.

Екінші маңызды фактор — жайылымдарға адами тұрғыда берілетін теріс әсерлер. Яғни малды көп жайып, шамадан тыс пайдалану жайылымдардың тозуына соқтырады. 
Соңғы жылдары ауылдағы ағайындар экономикалық тұрғыда пайда көру мақсатында шаруашылықтағы мал санын шамаға қарамай арттырып, соның салдарынан жайылымға шектен тыс жүктеме түсіріп отыр.

— Мұны реттеудің заңдық негізі бар ма?

— Әрине, бар. «Жайылымдар туралы» Заңға сәйкес жайылымды пайдаланушылар мал басын қалыптастырғанда жайылымның жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасын ескерулері тиіс. Ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 3-3/332 бұйрығына сәйкес еліміздің әрбір облысының табиғи-климаттық аймақтары мен жайылым типтері үшін нақтыланған. 

Өкінішке қарай, фермерлер тарапынан бұл бұйрық орындалмай отыр. Тіпті көптеген жайылым пайдаланушылар бұл норманың бар екендігін де білмейді. Соның салдарынан жайылымда жүретін мал саны қарқынды түрде артып келеді.

Бұл еліміз ғана емес, әлемдегі жайылымдық алқаптардың маңызды мәселесі болып қалып отыр. Ол алдымен биологиялық тұрғыдан зиянды. Мал көп жайылғаннан кейін өсімдіктердің қалпына келуіне жеткілікті уақыт берілмейді, биомасса мен төсем қабатының шекті мөлшері жойылады, топырақ тақырланып қалады. Сондықтан жайылымдардың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін экожүйелердің топырағы мен өсімдіктерінің қызметін және олардың тұрақтылығын жақсартатын жайылымды тиімді басқару әдістерін қолдану қажет.

Фото Бейбіт Нәсиевтің жеке архивінен

— Ендеше, осы тәсілдерді нақтырақ айта кетсеңіз?

— Жалпы, мал азығы өндірісі ғылымында жайылымдар мен шабындықтардың биоөнімділігін қалпына келтіру үшін топырақтың беткі қабатын бекіту немесе тыңайтқыштар енгізу, көпжылдық шөптерді егу сияқты шараларды қамтитын түбегейлі жақсарту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Алайда соңғы жылдары қаржылық шығынның көптігіне байланысты шаруашылықтарда мал азықтық танаптарды жақсарту ісі мүлдем қолға алынбай келеді. Бұл сол танаптардың жай-күйіне теріс әсер ететіні анық. 

Фермерлер үшін тығырықтан шығудың тиімді де арзан жолы — жайылымдарды ғылыми негізделген тұрғыда пайдалану. Яғни мал санын шектеп, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасын сақтау керек. Сонымен қатар жайылым айналымын қолданып, тозған жерлерге демалыс берген тиімді. 

Фото Бейбіт Нәсиевтің жеке архивінен

— Жайылымды пайдалану жүйесінің бұзылуы неге соқтырады?

— Белгілі бір жерге үздіксіз мал жаю немесе жайылымдарға түсетін жүктемені ұлғайту өнімділік пен сапа көрсеткіштерінің құлдырауына әкеледі. Былайша айтқанда, мал сүйсініп жейтін пайдалы да құнды шөп түрлері азайып, жойылады. Оның орнына улы да арамшөп қаптап, жер тақырланады. Сайып келгенде, бұл жайылымдық ландшафтардың экологиялық жай-күйінің төмендеуіне әкеледі. 

Жайылымды тиімсіз пайдалану топырақ жамылғысының сапасына да кері әсер етеді. Мал тұяғының астында қалған топырақтың агрегациясы мен құрылымы бұзылып, тығыздығы артып, жер үсті суларының сүзілу жылдамдығы төмендейді. Өсімдікке керекті ылғал азайып, судың жер үстімен ағып кетуіне, топырақ эрозиясының артуына және басқа да салдарларға соқтырады.
Жайылым айналымын пайдаланудың қажеттігі, міне, осында. Жер тынықса, ол өсімдік биомассасын, топырақ жамылғысының көрсеткіштерін айтарлықтай арттыруға және мал салмағының өсуіне септеседі. Бастысы, тынығу әсерінен суксецция үрдісі басталып, жайылымдағы құнды өсімдік түрлері қайта қалпына келеді.

Сонымен қатар жайылым айналымын пайдалану мал жайылатын аумақты тиімді қолдануға, қолда бар азықты нақты мөлшерде көбейтуге мүмкіндік береді, оған деген қажеттілікті ландшафттарға біркелкі бөледі. Ең бастысы, жайылымдарға түсетін жүктемені азайтып, мал басын тұрақтандырады және шаруашылық қаржысының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді.

Фото Бейбіт Нәсиевтің жеке архивінен

— Бірнеше жылдан бері киіктердің шамадан тыс артуы жердің тозуына әсер ететіні жиі сөз болып жүр. Бұл мал өсіріп, егін салатын фермерлердің басты проблемасына айналып отыр. Бұған қандай пікір қосар едіңіз?

— Иә, соңғы жылдары, әсіресе, еліміздің батысында киіктердің кең таралуы мал азықтық танаптардың тозуын жеделдетіп отырғаны рас. Ақбөкендердің санын шектеумен қатар олардың жайылымдар мен шабындықтарға, егістіктерге түсіретін залалын анықтау, осы бағытта арнайы ғылыми зерттеулер ұйымдастыру қажет деп санаймын.

Тақырыпқа қайта оралсақ, тағы бір басты да маңызды фактор ретінде жайылым пайдаланушылар мен мал азығы өндірісімен айналысатын адамдардың аграрлық білім деңгейінің төмендігін айтуға болады. Қазіргі кезде мал шаруашылығымен осы сала бойынша мамандығы жоқ, жайылымдардың жағдайын, мал жаю техникасы мен технологиясын терең білмейтін тұрғындар шұғылданып отыр. 

Бүгінгі таңда елімізде ғылымға бөлініп отырған қомақты қаржы есебінен фермерлерге арналған оқыту және ғылыми ұсынбаларды тарату жұмыстары жақсы қарқын алып, ұйымдастырылып келеді. Тек соны шаруалар ұғына біліп, игілігіне жарата алса дейміз.

Қорыта келгенде, ата-бабамыздан мұра ретінде қалған жерімізді келешек ұрпақ үшін қалай сақтап қала аламыз, міне, осы маңызды мәселе төңірегінде күш біріктіріп, шеше білсек, мақсатымызға жеткеніміз болар еді. Бұған ғалымдардан бастап қарапайым тұрғындар мен фермерлерге дейін атсалысуы керек деп ойлаймын. 

Фото Бейбіт Нәсиевтің жеке архивінен

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда асыл тұқымды мал өсірудің қиындықтары жайында жазған болатынбыз.

Сондай-ақ ғалым Батыс Қазақстанда егістікке қандай тыңайтқыштар қолданған дұрыс екендігін айтты.