Қазақстанда жазасын өтеп шыққандар уақытша тұру орнын паналай алады

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнаулы әлеуметтік ұйымдардың қызметтік қағидаларына толықтырулар енгізді.

Фото: Pexels

Ведомствоның 2025 жылғы 6 наурыздағы бұйрығына сәйкес жаңа қағида тұрғылықты жері жоқ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, сондай-ақ адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша тұру ұйымын құруды көздейтін тармақпен толықтырылды.

Уақытша тұру ұйымдары республикалық, облыстық маңызы бар және халқының саны 100 мыңнан астам қалаларда мемлекеттік секторда құрылады. 

- Халық саны 50 мың және одан да көп ауылдар мен аудандарда жергілікті атқарушы органдардың шешімімен уақытша тұру ұйымын құру мүмкіндігі қарастырылсын, - делінген бұйрық мәтінінде. 

Айта кетерлігі, уақытша тұру ұйымы жергілікті атқарушы органдардың шешімімен арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж жандардың саны кемінде 50 болған жағдайда құрылады. 

- Арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж жандардың саны кемінде 25 болса, стационарлық, жартылай стационарлық жағдайда аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерде, аудандарда, және ауылдық округтерде ашылуы мүмкін, - дейді ведомстводан. 

Бұйрық 2025 жылғы 24 наурызда күшіне енеді

Бұған дейін елімізде санитарлық-эпидемиологиялық тексеруге жататын өнімдер мен нысандар тізімі жаңартылғаны туралы хабарлаған едік.