Сонымен қатар, қар суының, сондай-ақ наурыз айындағы жауын-шашынның нәтижесінде топырақтағы өнімге қажетті ылғал айтарлықтай толыққан. Осыған байланысты ғылыми мекемелер еліміздің солтүстік және орталық өңірлері үшін жаздық бидай дақылдарын себуге ең ыңғайлы кезең ретінде 15-30 мамыр аралығын атап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Облыс әкімдіктерінің алдын ала мәліметтеріне қарағанда, 2016 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 21,6 млн. гектарды құрайтын болады. Оның ішінде 15,2 млн. гектарға астық, майлы өсімдік дақылдары - 1,9 млн. гектарға, жем - 4 млн. гектарға, бау-бақша дақылдары мен картоп- 411 мың гектарға егілмек. Кейбір өңірлерде орын алып отырған тұқым тапшылығы ішкі облыстық және облыстараралық алмасулар есебінен қамтамасыз етіледі», - делінген баспасөз баянында.