Қазақстанда жаздық масақты егін 450 мыңға жуық гектарға егілді

None
АСТАНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат - 3 мамырдағы мәліметтер бойынша, елімізде көктемгі егіс жұмыстары аясында 449,7 мың гектар аумаққа масақты бидай, жүгері 22 мың, ал майлы дақылдар 260 мың гектардан астам аумаққа егілді.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтерінде жарияланды.

Ақпаратқа қарағанда, еліміздің диқандары масақты жаздық бидайға қатысты егін науқанының жоспарын 19 пайызға орындаған. Дегенмен, егіс жұмыстары былтырғы көрсеткіштерге қарағанда сәл баяулағанды көрсетеді. Тоқтала кететін жайт, былтыр осы уақытта егін егу жұмыстары шамамен 24 пайызға орындалған еді.

Ал майлы дақылдардың егісімен республиканың 8 өңіріндегі диқандар қызу жұмысқа араласып, олар жоспарды 25,3 пайызға орындаған. Диқандар қазіргі таңда 261,5 мың гектар аумаққа дақыл егіпті. Картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егудің ауқымы 36 және 37 мың гектарды құрайды. Бұлардан бөлек, елімізде күріш 8,7 мың гектарға, қант қызылшасы 2,8 мың гектарға егілген. Ал көпжылдық өсімдіктердің егісі 92,6 мың гектарды құрап отыр.