Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті тіркейтін жаңа сервис іске қосылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) және Kaspi.kz қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде тез және оңай алуға көмектесетін жаңа сервистер бірлесіп әзірлеуде.

Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осындай алғашқы жоба Kaspi.kz мобильді қосымшасында жеке кәсіпкерлікті тіркеу сервисі болып табылады. Сервис құжаттарды қашықтан тексеруге, кәсіпкерді сәйкестендіруге, тіркеуді растауға арналған бірқатар заманауи техникалық шешімдерді қамтиды.

Жоба аясында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Kaspi.kz, Мемлекеттік кірістер комитеті және «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры ақпараттық жүйелерін интеграциялау жүргізілді.

«Бизнес арқылы мемлекеттік қызмет көрсету идеясы министрлік командасына тиесілі. Одан кейін «ҰАТ» АҚ мен Kaspi.kz-тің үйлесімді атқарылған жұмысы. Мемлекеттік қызметтерді неғұрлым танымал сервистерде ұсынуы ел үшін тарихи сәт деп есептеуге болады. Біз бизнеспен белсенді түрде бірге қызмет етеміз, өйткені халықтың қызмет алуда таңдауы болуы тиіс. Бұл өзара іс-қимыл моральдық тұрғыдан ескірген Egov-қа жүктемені айтарлықтай азайтады және мемлекеттік қызметтерді ұсыну жөніндегі жаңа мүмкіндіктер жасайды. Енді қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді өздеріне ыңғайлы жолдармен ала алады»,-дейді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе жаңа бірегей сервистің іске қосылуына қатысты пікір білдірді.

«Біз үнемі елдегі ең танымал Kaspi.kz қосымшасына инновациялық сервистерді қосамыз. Бүгін біз кәсіпкерлер үшін жеке кәсіпкерлікті тікелей біздің қосымшамызда онлайн түрде тіркеу мүмкіндігін іске қосамыз. Бұл Kaspi.kz пен мемлекеттің сәтті ынтымақтастықтың тағы бір мысалы. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің командасы біздің командамен бірге сервисті қысқа мерзімде іске асырды. Осы бірегей қызметті әзірлеуге және іске қосуға қатысқандардың барлығына рахметім шексіз»,-деді ол.

Жеке кәсіпкерлікті тіркеу үшін енді осы қызметті Kaspi.kz қосымшадан таңдап, сауалнаманы толтырып, Kaspi ЭЦҚ көмегімен қол қою жеткілікті.