Қазақстанда жеке сот орындаушылары үш есе көбейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде жуық арада жеке сот орындаушылардың санын мемлекеттік сот орындаушыларының санына жеткізу жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігінде өткен жеке сот орындаушыларының Құрылтай жиынында Сот актілерін орындау департаментінің директоры Жанат Ешмағамбетов айтты.

«Былтырғы қаңтар айында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес кейбір тұлғаларға лицензия беру тәртібі оңтайландырылып, электронды лицензиялау енгізілді. Сондай-ақ, осы және басқа да мәселелер «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті түбегейлі өзгерту шаралары туралы» Заңы бойынша да оңтайландырылады», - деп атап өтті ол.

Ж. Ешмағамбетовтің айтуынша, жоғарыда айтылған шаралардың нәтижесінде жеке сот орындаушылардың саны 618-ге дейін жетіп, 2013 жылмен салыстырғанда 3 есе көбейген.

«Одан әрі олардың санын кем дегенде 1200-ге жеткізу жоспарлануда, яғни мемлекеттік сот орындаушылардың санына жеткізу қажет», - дейді департамент басшысы.

Айта кетейік, Құрылтай жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген жеке сот орындаушылары, сондай-ақ, ҚР ӘМ өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары қатысуда.