Қазақстанда жеке сот орындаушыларының институты енгізіледі - заң жобасы
16:33, 27 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындарушыларының мәртебесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған заң жобасы сот орындаушылық жүйесін түбегейлі реформалау мақсатында Қазақстанда сот үкімін орындаудың мемлекеттік жүйесімен қатар жеке сот орындаушыларының институтын енгізуді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы Мемлекет басшысының судьялардың 4 съезінде алға қойған міндеттерді іске асыруға бағытталған. «Сот үкімі бойынша енгізілетін жүйеге сәйкес өндіріп алушылар мемлекеттік немесе жеке сот орындаушыларға жүгінуді таңдауға жағдай қалыптасады. Сонымен бірге, мұндай жеке институттың енгізілуі қосымша бюджет қаражатын жұмсамастан-ақ орындаудың мемлекеттік жүйесінің жүгін жеңілдетіп, жұмыс сапасын жақсарта түсуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жеке сот орындаушысы мемлекет атынан өкілеттік алатын болады. Өйткені бұл лауазымға ол мемлекет атынан тағайындалады және заң шеңберінде әрекет ететін болады. Жеке сот орындаушысы қызметінің өзін-өзі қаржыландыруын ескере отырып, өндіріп алушының орындаушылық әрекеттерге аванс беруін талап етуге оның құқығы заңдық тұрғыда бекітілуі шарт. Сот орындаушысының талабы бойынша борышкерге өзінің активтерін декларациялау міндеті заңдық тұрғыда бекітіледі», делінген Бас комитеттің жоба бойынша берген түсініктемесінде.
Бұдан басқа, сот орындаушыларына үкімді орындау барысында жұмсалған шығыстарды борышкерден дербес өндіріп алу құқығы да берілген.
«Жеке орындушылық институтын енгізу арқылы орындаушылық іс жүргізу жүйесін жаңғырту және бір мезгілде мәжбүрлеп орындатудың қолданыстағы рәсімін жетілдіру шараның тиімділігіне елеулі әсер ететін болады. Сонымен бірге, бұндай институт аталған жүйеде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жоюға ықпал ететін әрі уақыты жеткен өзекті мәселенің бірі болып отыр», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы Ирак Елекеев.
Сондай-ақ палата депутаттары аталған заң жобасына ілеспе жоба болып табылатын «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.